Kyzylorda-news.kz Сайыпжамал Әшімқызы – қазақ қоғамында ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, білім беру саласына зор үлес қосқан құрметті ұстаз. Оның өмірі мен қызметі жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіне арналған. Сайыпжамал Әшімқызы білім жолында талмай еңбек етіп, өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілігімен ерекшеленген. Ұстаздық қызметін ауыл мектебінен бастаған Сайыпдамал Әшімқызы сол кезден-ақ оқушыларының жүрегіне жол тауып, оларға терең білім берумен қатар, адамгершілік қасиеттерді дарытты. Ол балалардың бойына патриоттық сезім, еңбекқорлық, жауапкершілік, достық секілді құндылықтарды сіңіруде үлкен еңбек сіңірді. Жаңақорғандағы Құттықожа ауылының халқы жарты ғасырдан астам бұрын ауыл мектебіне мұғалім болып келіп, жас талаптың көкірегіне білімнің жарық нұрын жаққан аяулы ұстаздары – Сайыпжамал Әшімқызын еске алуға арналған ұлағатты шараның куәсі болды.
Бар ғұмырын елдің баласының етекте қалмай, еңсесін биік түзеуіне арнап келген үлкен жүректі тұлғаны көпшілік шараларда көріп қалушы едік, қарапайымдылығы мен қоса қаталдығы, тәкаппар талапшылдығы, бірақ сонымен қатар тұла бойынан кіршіксіз тазалығы аңғарылып тұратын кісілік болмысы біздің де есімізде сақтаулы.
Сайыпжамал Әшімқызы 1937 жылы 15 қыркүйекте Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1953 жылы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, физика және математика пәнінің мұғалімі мамандығын бітірген. Еңбек жолын 1957 жылы Құттықожа ауылындағы №164 орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып бастады. 1961-1967 жылға дейін осы мектепке басшылық еткен. 1967-1981 жылдары оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, 1981 жылдан зейнетке шыққанға дейін осы мектептің директоры қызметін атқарған.
Еңбегі бағаланып, бірнеше рет саланың Құрмет грамоталарын, «Еңбек ардагері» медалін, «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» төсбелгісін иеленген.
Бүгінгі кеште Сайыпжамал Әшімқызының алдымен мықты математик ретінде есепке жүйрік шәкірттер тәрбиелеп, мектеп атын алысқа шығарған еңбегі ерекше айтылды. Бұл туралы ыстық ықыласты лебізін жеткізген өзінің шәкірті, ізбасары, мектеп директорының міндетін атқарушы Әділ Әбужүсіп арнайы тоқталып, атаулы күні ұстаз құрметі¬не математика пәнінен мектепішілік байқау ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Математика пәні бойынша ұйымдастырылған сынаққа қатысқан 5-9 сынып оқушыларының ішінен топ жарған шәкірттер осы күні көп алдында марапатталып, оларға ұстаздың перзенттері атынан ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Осынау білімге ынтық талапткерлерді шыңдаған ұстаздары Орынкүл Дулатова мен Гүлжаухар Исаева да ұмыт қалмай, лайықты сый-құрметке ие болды.
Ұстаз-ана ері Ізбасар екеуі 4 перзентті дүниеге әкелді. Қыздары Рзуан, Маржан, Балжан үшеуі де анасының жолымен ұстаздықты таңдаса, ұлы Орынбасар музыка маманы. Өкініштісі, Рзуан мен Балжанға бұл күнді көру жазбады. Екеуі де мезгілсіз жарық дүниені тәрк етті.
Тіршілігінде тәрбиелі отбасынан алған тағылымын ақтап, екеуі де ағарту саласында лайықты орындарын алып үлгерді. Рзуан Қорқыт атындағы университетте аға оқытушы болса, Балжанның аудандық оқушылар үйін басқарған кездегі қоғамдық өмірге қолтаңбасы көптің есінде қалды.
Сайыпжамал Әшімқызын еске алу кешінде ауыл халқының ұстаздың өзіне ғана емес, оның отбасына деген қалтқысыз пейілдері аңғарылып тұрды. Көп алдына шығып сөз алған көзкөрген жандардың ықыласты жүрек сөзі бізге осыны ұқтырды.
– Бізге Жайпанов Жүндібай және Бегайдар ағай, Сайыпжамал апай үшеуі математикадан сабақ берді. Үшеуі де ауданда математикадан аты озық мұғалімдер болуы ауыл балаларының маңдайын ашты деуге болады. Ауыл мектебі түлектері арасында білімімен тас жарып, ел экономикасы мен элеуеті¬нің қарыштап дамуына лайықты үлесін қосып келе жатқан тұлғалар қатарының көптігі осының дәлелі. Бүгінгі мектепіші¬лік математика пәні олимпиадасында озық шыққан Қожанбек Айғаным, Қал-дар Камила, Камила Мейрамбекқызы болашағынан көп үміт күттіреді, – деді Маржан Синаева.
Еске алу кешінде сөз алған ардагер-ұстаз Махан Қошқаровтың сөзі көптің көңілін елжіретті.
– Мен 1957 жылы Сайыпжамал Әшімқызы біздің мектепке мұғалім болып келгендегі алғашқы шәкіртінің бірімін. Оспанова Күләш апай екеуі еңбек жолын бірге бастады. Ол кезде оқушы атаулы мұғалімді тік тұрып қарсы алып, алдынан кесе өтпейтінбіз. Төбесі көрінгеннен тастай қатып, артық-ауыс қимыл жасауды әдепсіздіктің көкесі деп түсіндік. Ауылда мұғалімнен артық, мқғалімнен ардақты адам бар деп білмеппіз.
Сайыпжамал апай бір жылдан соң ауыл азаматы Ізбасар Синаевпен бас қосты. Ізбасар ағай бізге музыкадан дәріс берді. Күндіз сабақ берсе, кешке ауыл клубында түрлі мәдени шараларды ұйымдастырып жастардың қоғам өмірімен етене араласуына жол ашты.
Ізбасар ағайымыздың өмірден ерте озуы төрт баланы өсіріп-жетілдіру тау-қыметін асыл жардың нәзік иығына артып, енді апайға мектеп басшылығы бір бөлек, отбасында да ер адамның орнын басатын апайтөс қайрат, қажырлы мінезді серік етуге тура келді.
Балаларының барлығына тастай талап қойып, тәртібін көзден таса етпеді. Барлығын оқытты. Жаны асыл ұстаз өз баласына берген тәрбиесін халықтың баласына екі есе беруге құмбыл. Ал, біз, білімгерлер, жақсы баға алсақ соны мақтан тұттық, – деді ол.
Одан әрі ел ағалары Сәулебек Қалыбаев, Мұзаффар Тойымбетовтер сөз алып, ықыласты лебіздерімен бөлісті.
Еске алу кешінде Ізбасар мен Сайыпжамал апайдың перзенті, Синаева Маржан сөз алып, әсіресе осы кештің ұйымдастырылуына мұрындық болған аудан білім қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы Аллаберген Ахметовке арнайы алғысын жеткізді. Анасына құрмет көрсетіп жатқан көпшілікке рахметін айтты.
Сайыпжамал Әшімқызының ұзақ жылғы тәжірибесі мен терең білімі қазіргі жас мұғалімдер үшін үлгі болып табылады. Ол білім беру саласында ғана емес, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып, ұстаздық қызметінің аясын кеңейтіп, туған өлкесіне үлкен үлес қосты.
Осындай ұстаздардың өмірі мен еңбегі болашақ ұрпаққа өнеге болып қалатыны сөзсіз.
Баян ҮСЕЙІНОВА