Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы Абай атындағы үш тілде оқытатын мектептің көп жылдық тарихы бар. Ашылғанына 104 жыл болған мектеп көпшілік арасында «Мұрагер» атауымен кеңінен таныс. 

Қазіргі таңда бұл мектепте 4200-ге жуық оқушы білім алуда. Оқушылардың саны жыл санап артуына байланысты мектеп жанынан 550 орындық қосымша ғимараттың құрылысы жүргізілуде. 

мектеп.jpg

Дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп қай кезде де үздіктер қатарында. Мектеп оқушылары білімнен өзге қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып келеді. Білім алушылар спорт саласында да облыстық, республикалық, халықаралық турнирлерде бой көрсетіп, тек мектептің емес, елдің намысын қорғап жүр. Сонымен қатар өнер додаларында топ жарып жүрген шәкірттер де мектеп мақтанышына айналған. 

Атап айтар болсақ, мектептің 10-сынып оқушысы Бибарыс Махсұт «Атадан мұра» қоғамдық қорының бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған «Ұлы дала ұрпағы» республикалық байқауында «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша үздік өнер көрсетіп, бас жүлдеге ие болды. 

женимпаз.jpg

«Сайысқа біршама уақыт дайындалдым. Өз жас ерекшелігім бойынша додаға түсіп, қатарластарымнан оза шауып, байқаудың бас жүлдесін қанжығаға байладым. Нәтижесінде Түркістан облысында ұйымдастырылатын халықаралық байқауға, яғни, суперфиналға жолдама алдым», - дейді Бибарыс Сұлтан.  

WhatsApp Image 2023-02-13 at 11.30.58.jpeg

Ақпан айының алғашқы онкүндігінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында таеквондодан халықаралық турнир өткен болатын. Аталған жарыста Абай атындағы мектептің 8-сынып оқушылары Нұрперзент Саматұлы мен  Тоғжан Қазнабек те қатысып, ел намысын қорғап келді. Сайыстан жүлдемен оралған қос спортшыны мектеп директоры Жаннат Садвакасова оқушылармен бірге күтіп алды. Балаларға алғыс білдірген мектеп директоры алдағы уақытта да тек биік шыңдарды бағындыруға тілектестік білдірді. 

WhatsApp Image 2023-02-13 at 11.30.57 (1).jpeg

Айта кетейік, Нұрперзент Саматұлы сайыста 37 келі салмақ дәрежесінде күш сынасып, І орынды иеленді. Жас спортшы қарсыластарын шаң қаптырып, өзгелерден оқ бойы озық тұрды. Сондай-ақ қыздар арасында 52 салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 8-сынып оқушысы Тоғжан Қазнабек ІІІ орынды қанжығасына байлады. Еліміздің көк байрағын желбіреткен қос спортшы мектептің ғана емес, елдің намысын қорғап келді.

Мектеп оқушылары мектептен тыс қоғамда орын алып жатқан мәселелерге де немқұрайлы қарамайтынын аңғартты. Мәселен, мектеп оқушылары Түркия мен Сирия мемлекетіндегі жер сілкінісінен зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсетуді де қолға алған. 

Безымянный.jpg

«Алдағы сенбі күні қайырымдылық кешін ұйымдастырмақпыз. Кешке Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, №125 High school және Абай атындағы мектеп-гимназия атсалысатын болады. Қайырымдылық кештің билеттері сатылымға шықты. Кештен түскен қаражатты Түркия мен Сирия еліндегі жер сілкінісі кезінде зардап шеккен балаларға көмек ретінде жіберетін боламыз», - 11 сынып оқушысы Ерке Шазында.

Мектеп оқушылары өзге мектептермен байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді. Жоғарғы сынып оқушылары жуырда ғана қаладағы №5 мектеп-интернаттың білім алушыларымен кездескен болатын.  

«Біз №5 мектеп-интернатқа барудағы мақсатымыз оқушыларға дебат ойынын кеңінен таныстыру болатын. Себебі дебат ойыны мұндағы оқушылардың сөйлеу мәнерін қалыптастыруға, моторикасын дамытуға көмектеседі. Біз алғашқы қадамды бастадық. Сонымен қатар мектептің өзін-өзі басқару құрылымымен таныстық. Алдағы уақытта байланысты үзбейтін боламыз», - деді 11 сынып оқушысы Асылжан Кеңшілік. 

Мектептегі дебат фракциясының министрі Асылжан Жетестің айтуынша, дебат ойындары мектеп оқушыларының әрбіріне қажет екенін баса айтты. 

«Дебат - өз ойын өзгелерге толық жеткізу. Сол арқылы өзіңе назар аудартып, қоғамға өз үніңді қоса аласың. №5 мектеп-интернатқа барғанымызда байқағаным, балалар дебат ойынына аса қызығушылық танытты. Ойын арқылы өз ойларын ортаға салды. Біздің жұымысымыз нәтижелі болғанына қуандым», - дейді 9 сынып оқушысы Асылжан Жетес. 

Мектептің 9-сынып оқушысы Нұрдәулет Нұрлан мектеп-интернаттағы оқушыларды ерекше балалар, олардың қабілеті зор екенін атап өтті.

«Біз мектеп оқушыларымен кездесу кезінде олардың дебат ойынына қызығушылығы артқанын байқадық. Оқушыларға ойынының бастапқы базасын үйреттік. Ойынның негізгі мақсаты мен негізгі бөліктеріне тоқталып өттік. Түсінікті болу үшін өзіміз дебат ұйымдастырдық. Өзіміздің келтірген аргументтерімізді оқушыларға сұрақ ретінде қойдық. Сұрақ-жауап арқылы балалар ойынға араласып, қызықты, әрі тиімді уақыт өткіздік», - дейді Нұрдәулет Нұрлан. 

Осы орайда жоғарғы сынып оқушысы Ерке Шазында мектеп Парламентінің құрылымы директорға, орынбасарларға және мұғалімге оқушылардың ұсыныстарын жеткізу сынды жұмыстармен айналысып, олардың мектептен алшақтамауына, өз үйіндей көруге мүмкіндік беріп жатқанын айтты.

Мектептегі өзін-өзі басқару құрылымының мүшелері өз істеріне тиянақты, ұқыпты екенін байқадық. Олардың әрқайсысы мұғалім мен оқушы арасындағы байланысты нығайтуға атсалысып, білім алушының мектепте өз ойын ашық білдіруіне жағдай жасауға септігін тигізуде.

Динара МАХАНОВА

Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Тағы да оқыңыз: