Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеудің елеулі өзгерістерге ұшырайтынын айтты. Осы орайда Stan.kz ведомстводан тестілеудің форматы қалай болатынын, қандай өзгерістер енгізілетінін сұрап көрді.
Министрлік мәліметінше, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өзгерту жұмыстары кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылады.
"Ұлттық бірыңғай тестілеуді үздік әдіснамасы мен сапасы бар халықаралық тестілеу жүйесіне айналдыру үшін ETS (Educational Testing Service) ұйымының әлемдік деңгейдегі үздік мамандарын тартамыз. Осылайша арнайы жұмыс тобы құрылады. ҰБТ жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылады, яғни 5 жылдық кезеңдік жоспар әзірлейміз", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік келер жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге ешқандай өзгеріс енгізілмейтінін айтты.
"2026 жылы тестілеу форматына өзгерістер енгізу жоспарланбаған. Барлық өзгерістер ғылыми тұрғыдан зерделеніп, шетелдік және отандық тәжірибелі маман-сарапшыларымен мұқият талқыланады. Білім бағалау жүйесіндегі өзгерістер және олардың маңыздылығы мен күтілетін нәтижелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіледі", – делінген хабарламада.
Фото: Нұрболат Нұржаубай