Kyzylorda-news.kz. Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі кітапханасында кітапханашы Сәуле Сүгірованың ұйымдастыруымен «Оқуға кұштар колледж» іс-шаралар жоспарына сәйкес «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалым» тақырыбында таным сағаты өтті.
Бұл шараның мақсаты – студенттердің туған жерге, туған ауылға деген сүйіспеншілігін арттыру, туған ѳлкенің байлығы, алуан түрлі табиғаты туралы түсінік беру. Отанынды қорғай білуге, табиғатты аялауға, таланты ақындардың ѳлеңдері мен ата-бабаларымыздың ѳнеге етіп қалдырған даналық сѳздері арқылы студенттерді ұлтжандылыққа, атамекенін кѳздің қарашығындай сақтай білуге тәрбиелеу.
«Сыр елінің экономикасы мен әлеуметтік дамуында Қазалы ауданының алар орны ерекше. Астарына үңілсең көптеген деректі кезіктіресіз. Ұлан байтақ қазақ даласында мұндай қастерлі орындар көп. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр бойында осындай жер-су атаулары жетерлік. Мәселен, өзіміз тұратын аудан туралы «Тарихы терең, тамыры кенен – Қазалы», «Қасиетті Қазалы», «Қазыналы Қазалы» деген тіркестерді жиі қолданамыз. Қазалы атауына байланысты мына бір болжам да аракідік айтылып қалады. Ол көне Жанкент шаһарына қатысты. Бұл қаланың тарихы жайлы айтылар әпсана аз емес. Солардың бірі – Бегім сұлу оқиғасы. Бегім – Жанкенттің билеушісі Санжардың әйелі. Көрікті жарын қызғанған Санжар оның бір қолы мен бұрымын қырқып тастайды. Бегім сұлудың ақтығы дәлелденіп, қолы мен бұрымы бұрынғы қалпына қайта келген екен. Қызының жазықсыз зәбір көргеніне көзі жеткен Қарабура әулие күйеу баласы Санжарға налиды. Жазықсыз жабылған жаладан әйеліне опасыздық жасаған ханның қаласына жыландар шабуыл жасайды. Қайғылы оқиға салдарынан қаза болғандар көп болған екен. Сондықтан бұл аймақ Қазалы аталып кеткен деседі», – деп кітапханашы Сәуле Сүгірова сутденттерге туған өлке тарихынан сыр шертетін бірнеше деректерді тілге тиек етті.
Таным сағаты кезінде студенттер арнайы жасақталған көрмені тамашалап,жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарымен танысты. Қойнауы құтқа оранған қасиетті топырақ туралы көнекөздерден қалған естелік сөздерді тыңдады.