Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Алматыкітап баспасының» жобалық PR бөлім басшысы Гүлмарал Қабдолшаева «TopIQ.kz» электрондық оқулықтар платформасын таныстырды. Шараға оқу ордасының профессор-оқытушылары мен білім алушылары қатысты.
Жаңа платформа «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің кезекті отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқулықтарды цифрлық форматқа көшіру және оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдету» жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында құрастырылған. «Алматыкітап баспасы» дайындаған жаңа цифрлық өнім 2022 оқу жылынан бастап республикалық бірқатар оқу орындарына енгізілген. Электрондық оқулықтар оқу бағдарламасына сәйкес құрастырылып, түрлі интерактивті тапсырмалар, аудиовизуалды материалдар, анимациялар, мультфильмдер және ертегілермен толықтырылған.
«TopIQ.kz» оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 маусымдағы №291 бұйрығымен бекітіліп, пайдалануға ұсынылған 1-11 сынып оқулықтарын және мектепке дейінгі дайындыққа арналған оқу-әдістемелік кешендерді, хрестоматиялар мен көркем әдебиеттерді қамтитын тұңғыш отандық платформа.