«Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек.Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың  дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет»

Мемлекет басшысы,

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан сөзі

Kyzylorda-news.kz Кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Облыстық дін істер басқармасы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің тапсырысымен жастар арасында экстремистік идеологияға қарсы іс-қимыл бойынша ақпараттық түсіндіру семинары өтті.

Оған Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» дінтанушысы, дін саласындағы республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Ерзат Жақыпов, облыстық дін істер басқармасының мамандары, университет оқытушылары, магистранттар, тарих мамандығының 3-4 курс студенттері қатысты.

Теріс ағымның жетегінде кетпейік 1.jpg

Республикалық ақпараттық-түсіндіру топ мүшелері еліміздің барлық өңірлерін аралап, жастармен кездесу ұйымдастыруда. Жобаның мақсаты жастардың экстремизмге қарсы санасын қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру, ел жастарын радикалды және деструктивті діни топтарға айналдыруға жол бермеу бағытта іс-шаралар өткізу болып табылады.

Семинарда республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Ерзат Жақыпов «Ұлттық діл және діни құндылықтар» тақырыбында дайындаған баяндамасын ұсынды. Онда қазақ даласына ислам дінінің таралуы, оған ықпал еткен ғалымдар, деструктивті діни ағымдардың зияны, интернеттегі діни тақырыптағы ақпараттарды саралай алуға, теріс діни ағымдардан сақтану жолдары туралы кеңінен түсіндіріп, тұщымды ақпарат берді. Сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру және діни экстремизмнің алдын алу, елімізде өмір сүретін барлық конфессиялар мен этностардың бейбіт өмір сүруі, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні, деструктивті жалған діни және радикалды идеялардың қауіптілігі туралы да тарқатып айтып берді.

Теріс ағымның жетегінде кетпейік 2.jpg

– Жақында дін істер комитетінің жанынан республикалық ақпараттық-түсіндіру топ құрылды. Оның мүшелері дін саласының мамандары. Біз еліміздің барлық аймағына бөлініп, шалғай ауылдарға дейін барып, мектеп, университет жастарымен, ауыл жастарымен кездесу өткізіп келеміз. Басты себеп радикалдық, деструктивті діни идеялардың алдын алу. Жастарға ұлттық құндылықтарымызды, мәдениет пен  тарихымызды тереңінен ұғындыру, – деді Ерзат Жақыпов.

Мұнан кейін ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Нұрхат Бердібек «Интернеттен діни ақпараттарды алудағы қауіп-қатерлер» тақырыбында баяндама жасады. Жастарға діни ақпараттарды өз бетінше интернеттен алуға, күмәнді сайттар мен видеороликтерден аулақ болуға шақырды. Қазіргі кезде интернет желісін қолданбайтын жас кемде кем. Сондықтан ондағы ақпараттарды дұрыс пайдалана білу керек екенін түсіндірді.

Шара соңында жастар сала мамандарына көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

 

Сара АДАЙБАЕВА
Фото Нурболат НУРЖАУБАЙ

Тағы да оқыңыз: