Kyzylorda-news.kz. Педагог қызметкерлердің дәстүрлі тамыз кеңесі аясында Қызылорда қаласындағы NIS-те өңірлік пәндік секциялар өтті. 

Шараға аймақтағы мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының ұстаздары қатысып, «Пәндік құзыреттілік – мұғалімнің кәсібилігін анықтайтын фактор» тақырыбында біліктіліктерін арттырды.  

Жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаздардың басын қосқан шара әдістемелік өнімдер көрмесінен бастау алды. Қатысушылар әріптес-ұстаздарының жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен танысып, білім беру үдерісіндегі проблемалардың шешу жолдары туралы ақпарат алды. Қызылорда облысының Арал ауданындағы Ж.Абдрашев атындағы №62 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлсара Баймаханованың айтуынша, ақпараттық технологиялардың дамуы оқушылардың  жазу дағдысының төмендеуіне сеп болуда. Әсіресе оқушылар қатесіз, біркелкі,  үзбей  жазуға назар аудармайды. Осы мәселені шешуде Гүлсара Баймаханова әріптестерімен бірге зерттеу жүргізіп, каллиграфиялық жазу техникасын сақтаудың тиімді жолын ұсынды.  

Пәндік практикумдар мен шеберлік сабақтар фестивалінде қатысушылар Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары мен Зияткерлік мектеп ұстаздарының  және өңірдегі жетекші мектеп мұғалімдерінің  озық тәжірибесімен танысып, сабақта тиімді іс-әрекетті ұйымдастыру бойынша біліктіліктерін арттырды. Сонымен қатар мұғалімдер оқытудың үздік әдіс-тәсілдерін  меңгеріп, жаңа оқу жылын ұйымдастыру және т.б. мәселелер бойынша әдістемелік көмек алды.

Тағы да оқыңыз: