Kyzylorda-news.kz Қазақ өнерінің қайнар бастауларының бірі  – Сыр өңірінде өнерге деген жауапкершілік жоғары. Киелі сахнада кім болса, соған орын жоқ. Қармақшы ауданында осыны мақсат тұтқан Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебі елу жылдан астам уақыт елге қызмет етіп келеді. Басты мақсаты – өнерлі жанды өрге сүйреу, таланты бар бүлдіршінді топқа қосу.

Тарихқа көз жүгіртсек, алғашында аудандық балалар әуез мектебі болып құрылған мекеменің іргетасы 1972 жылы қаланған. Мектепке Жүрсін Қаймақбаев, Қаппар Сәденов, Талғат Қуаңбаев секілді білімді мамандар басшылық еткен. 1993 жылы мектепке Сыр сүлейі Тұрымбет жырау Салқынбайұлының 125 жылдық мерейтойына байланысты жырау есімі берілді. 1996 жылдан бастап өнер мектебі жанынан және ауданға қарасты ауылдардан жыр-терме кластары ашылды. Ал 2021 жылы  атауы облыс әкімінің №180 қаулысына сәйкес Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебі коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. Бүгінде мектепке 2019 жылдан бері Дәулет Байғараев басшылық етіп келеді.

Өнер мектебінде домбыра, қобыз, баян, саксофон, фортепиано, жыр-терме, домбра-прима  кластары бойынша 42  мұғалім дәріс береді. Өнер мектебінде 2023-2024 оқу жылында  6 мұғалімге педагог-зерттеуші, 9 мұғалімге педагог-сарапшы, 10 мұғалімге педагог-модератор ,  І санатты-2 мұғалім, ІІ санатты-5 мұғалім  санаты берілді. 10 мұғалім санатсыз. 2023-2024 оқу жылында білім беру жүйесінің жаңа форматында  қызмет  атқарады.  

2023-2024 жылы Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінде 411 оқушы 7 мамандық бойынша  дәріс  алады. Домбыра класында –  219 оқушы, баян  класында – 87 оқушы, фортепиано класында – 45 оқушы, домра-прима класында – 1 оқушы, жыр-терме класында – 40, саксафон класында – 5, қобыз класында – 14 оқушы оқиды.

– Бұл өнер ордасына мен бес жылға жуық басшылық етемін. Мені шәкірттеріміздің өнерге деген құрметі, қызығушылығы қуантады. Өнер  мектебінің кент орталығынан бөлек, Төретам  кентінде, ІІІ Интернационал  ауылында қосымша бөлімшелері жұмыс істейді. Сонымен қатар, Ақжар, Қармақшы, Дүр Оңғарауылдарында  жыр-терме  кластарыбар. Мектебіміздің  25 оқушыдан құрылған балалар оркестрі (жетекшісі Тұрымбетов Жарқынбек) 20 оқушыдан құрылған балалар хоры (жетекшісі Дембаева Ләззат) 15 мұғалімнен құрылған фольклорлық ансамбль, оқушылардан құрылған баянистер, домбырашылар ансамблі және  25  мұғалімнен құрылған халық аспаптар оркестрі жұмыс жасайды. 2022-2023 оқу жылында  60 оқушы  домбыра,  саксафон, баян, жыр-терме, фортепиано кластары бойынша бітірді. Өнер мектебінің негізгі мақсаты –  балалардың музыкалық сауатын ашу, музыкаға  деген  қызығушылығын  арттыру, аспаптарда  ойнауға үйрету  және  ұлттық  музыкалық аспаптарды  кеңінен насихаттау болып табылады. Биылғы  2023-2024 оқу жылында 136 оқушы 1-ші класқа қабылданды, – дейді өнер мектебінің директоры Дәулет Байғараев.

Бұл өнер ордасының шәкірттері түрлі деңгейдегі  өнер байқауынан топ жарып, оза шауып жүр. Мәселен, облыстық 55-ші «Жас музыкант» байқауынан баян аспабы бойынша Ерасыл Жұмабеков ІІ орын, Інжу Еркебұлан ІІ орын, Мұса Сабитов ІІІ орын иеленсе, домбыра аспабы бойынша Шыңғыс Алтайұлы І орын алды. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласында өткен «Күй табиғаты» атты №1 қалааралық байқауға өнер мектебінен 9 оқушы қатысып, оның ішінде 1 оқушы Бас жүлде, 2 оқушы І орын, 3 оқушы ІІ орын, 1 оқушы ІІІ орын, 2 оқушы Алғыс хатпен марапатталған.

Облыстық Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына арналған балалар музыка және өнер мектептері жас музыканттарыныңарасында ІІ Республикалық «Жас жұлдыз» пианистер байқауынан фортепиано класының оқушысы Нұрғиса Маханбетов «Жас пианист» номинациясын алса, «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы, М.Қалауов атындағы Қызылорда қалалық өнер мектебінің ұйымдастыруымен «Жас таланттар» байқауынан Нұрғиса Маханбетов І орынға, Жасмина Мейірханова ІІ орынға иеленіп, мектеп, аудан мерейін асқақтатты.

– Мектебіміздің домбыра класының мұғалімі Берік Аққалиевтің  ұйымдастыруымен «Айтыс – ұлы өнер» атты іс-шара өткізілді. Шараның мақсаты – қазақ халқының айтыс өнерін оқушыларға түсіндіру, айтыстың ұлы өнер екенін оқушы санасына сіңіру. Кеш қонағы болып айтыс өнерінде өзіндік орны бар бірнеше республикалық, облыстық айтыстардың жүлдегері  Е.Жүрсіннің жүйрігі Ержеңіс Әбдиевкатысты. Шараны мектеп директоры Дәулет Кәрібайұлы ашып берді. Класс оқушыларының орындауында Сейтек «Тойбастар» , Ә.Қонысбеков «Көксерек» күйлері орындалды. Айтыс өнерінің бір түрі қыз бен жігіт арасындағы әзіл-қалжың айтысын Бауыржан Нұрислам мен Рахимбекова Әмина өте жоғары деңгейде айтыс өнерін көрсетіп, көрермер көз айымына айналды. Оқушылар өз көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, айтыскер ақыннан біраз мағлұмат алды. Теледидардан айтыскер ақынның өмірінен, айтысып жатқан кезеңдерінен үзінділер көрсетілді және сахнаға мұғалім Берік Аққалиев өзінің қонағын сахна төріне айтысуға шақырды. Өте қызықты әрі мәнді айтыстың шынайы үлгісін көрдік және экранда арнайы дайындалған фотоларға қарап, суырып салма бөлімін ұйымдастырған. Бұл шарадан оқушылар жақсы әсер алды. Біз өнер мектебі болғандықтан шәкірттермізді шыңдау мақсатында түрлі жарысқа апарып, бабы мен бағын сынатамыз. Әрі тәжірибе, әрі жетістік. Шәкірт те үлкен сахнаға, байқауға бойын үйретеді. Осы уақытта дейінгі жетістіктерімізді тізбектей беруге болады. Алайда ең бастыларына тоқтала кетсем, Ұлттық домбыра күніне орай «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығы М.Қалауов атындағы Қызылорда қалалық өнер мектебінің ұйымдастыруымен «Күй анасы – Дина» атты байқауда Шыңғыс Алтайұлы І орын, Қуаныш Ардақұлы ІІІ орын және Хамза Исаев  қатысқаны үшін Сертификатқа ие болды.  Облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылық байқауында онлайн форматта Шыңғыс Алтайұлы  І орын, Хамза Исаев І орынға ие болып, Алматы қаласына Халықаралық  «Бозторғай» байқауынан  Хамза Исаев  ІІІ орын иеленсе, Шыңғыс Алтайұлы Дипломант атанды. Ақтөбе қаласында өткен VI Халықаралық Владимир Фоменко атындағы үрмелі және соқпалы аспаптар арасында өткен байқаудан саксофон класының оқушылары Жасұлан Төлеген ІІІ орынды қанжығасына байласа, Айзат Абдулла Дипломант иегері атанды. Ал мамыр айында облыстық «Қорқыттан қалған қоңыр үн» байқауында күй номинациясы бойынша 5 оқушымыз жүлделі орындарға ие болса, дәстүрлі ән номинациясынан 2 оқушы орын алды және 1 оқушы Алғыс хатқа ие болды. Осы оқушыларымыздың жетістіктерімен мақтанамыз. Ұстаздар қазіргі таңда шәкірттерін ұлтымыздың салт-дәстүрлерінен, аталы сөз, өнегелі жандардың өсиетімен, ұлт жандылықпен, Отан сүйгіштікке, еңбекқорлыққа, өнер мен эстетикалық тәлім-тәрбие беруде. Өнер мектебінің ішінде де мерекелік атаулы күндер мен мерейлі мерейтойларға арналған түрлі іс-шаралар өткізілуде, – дейді мектеп директорының орынбасары Бағдагүл Мәденова.

Айта кеткен жөн, аудандық өнер мек¬тебінің іргетасы 1972 жылы қаланып, осы кезеңге дейін аталған мектепті біршама түлек бітіріп шыққан. Олар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде өнер мен білім секілді салаларда еңбек етіп, ел өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып келеді. Бүлдіршін талантын шыңдап, үлкен өмірден өз орнын тауып, мамандығын нақтылауға сеп болып жүрген таланттар ордасының шығар биігі әлі алда екеніне сеніміміз мол.

 

Тағы да оқыңыз: