Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық білім басқармасының бастамасымен «Балалар жылына» орай Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі Түгіскен ауылдық округінде «Дала күні» шарасын ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – білім алушыларды жаңа техникалармен таныстырып, теорияны тәжірибемен ұштастыру.
Қызылорда облыстық білім басқармасының хабарлауынша, шарада ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер егін жинау процесіне қатысып, саланың қыр-сырына қанықты. Олар тек егістің жиналуын тамашалап ғана қоймай, сондай-ақ комбайнның құрылысымен танысты. Сонымен қатар студенттер зауыт ішінде күріштің ақталуынан бастап, қапталуына дейінгі процесті көрді. Одан әрі қапталған күрішті жинап, диқандарға көмектесті. Одан әрі оқу орынның әлеуметтік серіктестері мен жұмыс берушілер студенттермен тілдесіп, саладағы бірқатар ауқымды жұмыстары мен тың жобаларын сөз етті.
«Дамир С» шаруа қожалығы, «Санжар Мырзахан», «Дәулет Абдуллаев» жеке қожалық иелері жас мамандардың қызықтырған сауалдарына жауап беріп, сәттілік тіледі. Студенттер де өз кезегінде шаруашылық басшылары мен жұмысшыларына алғыстарын білдірді.
