Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданы әкімі Асқарбек Есжанов Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте білім, спорт, өнер саласында жетістікке жетіп жүрген дарынды оқушылармен кездесті. Кездесуде аудан басшысы оқушылардың сапалы білім алуы үшін ауданда барлық мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті.

«Балалар жылы аясында мемлекеттік бағдарлама қолдауымен («Ауыл-Ел бесігі») Жалағаш кентінен құны 420 млн. теңгені құрайтын 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілді. Мектептердің барлығы интернет желісіне қосылған. Компьютерлер паркі 100% жаңартылған. Мектептердің 85 пайызы жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етілсе, 2022 жылы 40 млн 766 мың теңге қаржы қаралып, 5 мектепке жаңа модификацялық кабинеттер берілді», - деді Асқарбек Есжанов.

Асқарбек Есжанов сонымен бірге бабалардың жолын үлгі ете отырып, өзін-өзі басқару мектептерін жетілдіру қажет екендігін де атап өтті. 

«Аға буын бізге тәуелсіздігімізді тұғырландырып, алпауыт елдер санасатын мемлекеттің негізін қалап берді. Ендігі кезек Сіздердікі жас достар. Мемлекет Сіздерге үлкен сеніммен қарайды. Қабылданып жатқан бағдарламалар, жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы тек қана Сіздер үшін. Біздер бабаларды үлгі ете отырып, өзін-өзі басқару мектептерін жетілдіруіміз қажет», - деді аудан басшысы. 

Кездесуде білім бағыты бойынша №118 орта мектептің оқушысы Алматқызы Гүлім, спорт бағыты бойынша №38 орта мектеп оқушысы Тілеуғабылұлы Нұрсұлтан, өнер бағыты бойынша Боранбай Арайлым сөз сөйлесе, №33 орта мектеп оқушысы Сейдуллақызы Інжу «Жалағаштың жайсаң жақсылары» атты арнауын айтты. Асқарбек Темірбекұлы кездесуде оқушылардың сауалдарына жауап беріп, білім, спорт, өнер саласында жетістікке жетіп жүрген дарынды оқушыларға Алғыс хат табыстады.
 

4.jpg

Тағы да оқыңыз: