Kyzylorda-news.kz. Аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі кенттегі ең ірі білім ордаларының бірі. Мұнда білімге құштар, талай бәйгеден суырылып алға шыққан талантты оқушылар білім нәрімен сусындауда. Ұлағатты ұстаздардан сапалы білім мен тәрбие алып жатқан биылғы жылдың мектеп бітірушілері өнегелі істің басынан табылды.

Жас түлектер ерте көктемде жылдағы дәстүр бойынша мектеп-лицей ауласына ағаш отырғызуға мұрындық болды. Мектеп-лицейден биылғы оқу жылында ұшқалы тұрған шәкірттер, атап айтқанда 11 сыныбының бітіруші түлектері сынып жетекшісі Палмахова Шолпан Таңатарқызының ұйымдастыруымен ізгі іс-шараға қатысты.

Жас түлектерге білім ордасының ауласын көгалдандыруға, "Түлектер аллеясына" ағаштар отырғызуға ата-аналар қолдау білдірді. Түлектер аллеясына осы күні әрбір мектеп түлегі жаңа туя қылқан жапырақты ағаштарын  отырғызды. Қолдарына күрек пен шелек алып, жас ағаштарды мәпелеп, тілектерін айтып отырғызған түлектердің ізгі ниеттеріне мектеп-лицей директоры Жанар Төреқұлова да қолдау көрсетті. Мектеп басшысы оқушылармен бірге ағаш отырғызды.

«Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді", – деген қазақта даналық сөз бар. Міне, бүгін мектеп түлектері сынып жетекшілерімен бірге жақсы істің басынан табылды. Жылдағы дәстүрмен мектеп-лицей ауласын жасыл желекпен көгалдандыруға атсалысты. Жас ағаштармен бірге түлектеріміздің де арманы өсіп, асқақтай берсін. Алдағы білім сынағынан жоғары баллмен өтіп, әрқайсысы білім грантын иеленсін», – дейді мектеп-лицей директоры Жанар Төреқұлова.

Ұстаздардан білім нәрін алып, алысқа қарап, қанаттанған алтын ұя мектептің түлектеріне, өнегелі істің иелеріне бізде сәттілік тілейміз.
 

Тағы да оқыңыз: