Kyzylorda-news.kz  "Білім ұрпақ – ел болашағы". Білім мен ғылым қоғамның басты қозғаушы күші саналады. Елдің дамуы жастардың бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуында. Сырдариялық Асылай Бектасқызы болашағынан зор үміт күттіретін жас дарын.

Талапкер биылғы жылы аудан орталығындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің он бірінші сыныбын бітіреді. Оның бойындағы білімге деген құштарлық қазақ тілі мен әдебиетін ерекше сүйіп оқуға ынтасын арттырды. Мектеп табалдырығын аттамас бұрын әріп танып, шығарма оқыған оқушы жыл сайын ондаған кітапты оқып тауысады. Асылайдың білім ордасындағы ұлағатты ұстаздары да оның ерекше қабілетін байқап, шығармашылық қабілетін шыңдай түсті.

– Бастауыш сыныптан үздік оқушы болып келген Асылай көркем шығармаларды сүйіп оқиды. Өз бетінше ізденіп талай кітапты тауысты. Оның ерекшелігі кітапты жәй оқып қана қоймай, талдап, сөздің, сөйлемнің мағынасына байыппен қарайтынында. Кітап оқитын адамның сөздік қоры да мол болады. Асылай өлең шумақтарын жазып, эссе, әңгіме, шығарма жазуға деген талпынысын байқатты. Көркем сөз оқу шебері де атанды. Қазақ тілін өте сауатты меңгерді. Жоғарғы сыныпта оқып жүрген Асылай жыл сайын пән олимпиадаларына қатысып, жүлдегер атанды. Ол болашағын тіл маманымен байланыстырады. Жеңімпаз атанған Асылай болашақта мықты тіл маманы немесе журналист болатынына сенімім мол, – дейді ұстазы Маржан Қалхоразова.

Асылай Бектасқызы биылғы жылы 1-5 сәуір аралығында Қостанай қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген пәндік олимпиаданың Республикалық кезеңіне қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қатысып, І дәрежелі Диплом иегері атанды. Үздік оқушының жетістігі мектеп-лицей, ұстаз, аудан мәртебесін арттырды.

Білім сынына түскен дарын иесі пән олимпиадасының қорытындысымен жоғарғы оқу орнынан шақырту алды. Жас түлек еліміздегі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің грантын жеңіп алды.

– Шәкіртіне таудай талап арқалатып, топтан оза шабуы, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атануы ұстазы Қалхоразова Маржан Қайқыбекқызының нәтижелі, жүйелі еңбегінің жемісі, үйретуден жалықпай, өз білімін, уақытын аямай шәкіртіне сыйлаған ұстазға айтар алғысымыз шексіз, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Қаракөз Қалжанова.

Ертеңгі елдің келешегі – білімді ұрпақта. Республика төрінен Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей атын шығарып, білімі мен дарыны қатар ұштасқан Асылайдан күтер үмітіміз мол.

Тағы да оқыңыз: