Ұстаз есімі – күннің шуағы секілді айналасына нұрын шашып, қаншама жас ұрпақтың болашағына жол сілтейтіні жасырын емес. Ұстаздың орны қашан да биік, қасиеті ерекше саналады. Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп, тағылымы терең ой қозғаған болатын.

Жақында сырдариялық ұс­таз, Дариға Жеңсікбаева білім саласын­дағы ұзақ жылғы еңбегінің жемісі ретінде «Ы.Алтын­сарин төс­белгісімен» және І дәрежелі дипломмен марапатталған болатын. Жетістікке жеткен ұстаз жақында Астана қаласында өткен «Жаңа Қазақстан білім беру саласындағы жаңашыл идеялар» атты республикалық форумға қатысып, мерейлі марапатты «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры А.Сатылғановтың қолынан алғаны белгілі.

ҚР Ұлттық музейде өткен форумға республиканың әрбір өңірінен келген 120-ға жуық педагог қатысқан екен. Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық мақаласындағы білім беру жүйесіндегі құнды­лықтарды білім беру ұйымдарының педагогтері арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогтердің ұлттық сыйлығы» байқауына қатысып, жеңімпаз атанғандар «Жаңа Қазақстан» респуб­ликалық инновациялық орталық басшылығының атынан марапатталыпты. Аталған іс-шараға әріптесі Д.Жеңсікбаеваның қатысуына қолдау білдірген №36 мектеп-лицей директоры Ж.Төреқұловаға да орталық директорының атынан Алғыс хатпен табысталды.

Дариға Қалиқызы аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келеді. Ұлағатты ұстаз 32 жылдан бері білім саласында абыройлы еңбек етіп, 10 шәкірті «Русский медвежонок» халықаралық олимпиададан жүлдегер атанған. Педагог-сарапшы об­лыстық білім басқармасының Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен марапатталып, мерейі үстем боған.

– Ұстаздық жол – ұлы жол. Анам Мария Жалғасова 40 жыл бойы Шағандағы №37 орта мектепте ұстаздық еткен ардақты жан болатын. Анамның жолын қуып, ұстаз болдым. Отбасымызда сіңілім Шара Қалиқызы да агроколледжде білікті оқытушы, келінім Ақгүл Арысқызы анам еңбек еткен мектепте білікті ұстаздардың бірі, мұғалімдер династиясының жалғасы саналады. Әкем Қали өмір бойы ауылда механизатор болып, анаммен 7 баланы өсіріп-жеткізді. Қазір жұбайым Бақытбекпен 2 ұл мен 1 қызды тәрбелеп келеміз. Қызым Күнсұлу тұрмыста, мамандығы педагог, ұлым Рус­там ветеринарлық дәрігер, кенже ұлым Айсұлтан жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ұстаздық еңбегімнің жемісін көріп, бүгін қуанышқа кенелдім. Баршаңызға көп рақмет, – дейді ұлағатты ұстаз Дариға Қалиқызы.

Үздік педагог атанған ұстаздың әріптестері де жылы лебіз білдіріп, жетістігіне ортақтасты.

– Әріптесім Дариға Қалиқызымен ұзақ жыл бірге қызмет етіп келеміз. Бүгін ұстаз еңбегінің жемісі ретінде марапат төрінен көрініп, қуанышқа кенелді. Ұлағатты жолда жетістікке жеткен әріптесімізді марапатымен құттықтаймыз, – дейді ұлағатты ұстаз Шолпан Наурызбаева.

Жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, білімнің кілтін ұстатқан ұстаз Дариға Жеңсікбаеваның ұрпаққа берер ұлағаты шәкірттеріне жарқын жолдама болсын дейміз!

 

Тағы да оқыңыз: