Kyzylorda-news.kz. Жан-жақты белсенді, ұдайы жеңіске, алға қадам басуға ұмтылатын жалынды жастар барда елдің ертеңі жарқын, болашағы кемел. Піржан Төлеген – осындай жалынды жастардың бірі. Қашан көрсең қоғамға белсене араласып жүреді. Бүгінде өзінен кейінгі буынға ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу ісін қолға алған ол – Аманкелді ауылының тумасы.
Білікті маман жақында ғана республикалық «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» байқауының облыстық кезеңінен бірінші орынды жеңіп алған. Осы сайыстың республиалық турында да топ жарып, «ENERGIZER ҰСТАЗ» номинациясын иеленді. Сонымен қоса Қазақстан бойынша ТОП-10 мұғалімнің қатарына еніп, аудан, облыс мерейін үстем етті. Көкшетау қаласында өткен республикалық кезеңде 57 қарсыластың арасынан топ жарған Піржан Ержанұлы жеңіс тұғырынан көрінді. «Талаптыға нұр жауар» демекші, жас маман бүгінде талай биік белестерді бағындырып үлгерген. Үздіксіз жасалған жұмыс пен еңбектің нәтижесінде республика бойынша үздік он ұстаздың қатарына енуі – үлкен мәртебе.
Жас ұстаз бұған дейін де аудан әкімінің, облыстық бөлім басшысының Құрмет грамоталарына ие болған. Сондай-ақ «Жас ғалым – 2022» республикалық байқауында 1 орынды жеңіп алып, «Үздік жас маман – 2022» облыстық байқауында да топ жарған. «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының аймақтық кезеңінде жүлделі II орын иеленгені және бар. Сонымен қатар шығармашыл мұғалімдердің облыстық тәжірибе алаңында көрсеткен үздік жұмыстары мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін «Құрмет грамотасын» иеленіп, республикалық «Дарынды балаларға талантты ұстаз» байқауының 3-орынын жеңіп алған.
Білімімен мыңды жыққан жас маман Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алған. Жоғарғы білімнен кейінгі бөлімді де үздік тәмамдап, «Педагогика ғылымдарының магистрі» атағын абыроймен қорғап шыққан. Университет қабырғасында да өз белсенділігімен, біліктілігімен көзге түсіп, жоғарғы оқу орны студенттерінің арасында химия пәнінен республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы атанған. Және ҚР ЖОО арасында, кейін ТМД елдері бойынша «Үздік студент» номинациясын жеңіп алған. Сондай-ақ екінің біріне бұйыра бермейтін Президенттік шәкіртақыға да лайық деп танылған.
2020 жылдан бастап өзі білім алған Аманкелді ауылындағы Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейде мұғалім болып қызмет атқарып, өзінен кейінгі буынды тәрбиелеу мақсатында жұмыс жасап келеді. Өзі белсенді жас ұстаздың оқытқан шәкірттері де білімді әрі талай сайыста топ жарып жүр. Атап айтар болсақ, үздік ұстаздың үздік шәкірттері Асылзат Шайзатова, Жазира Әбдиева, Ерген Исабайұлы, Арайлым Орман, Назым Өмірзақ, Нұржайна Жұбатқан, Ақжан Есіркепқызы, Ұлпан Тұрмағанбетқызы, Шаттық Матжан және Кәусар Жарылқасын республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында үздік шығып, тәжірибелерін шыңдап келеді. Сондай-ақ қызметке кіріскен жылдардан бастап 11 сыныптықтарды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаған ұстаз шәкірттерінің алды бүгінде еліміздегі ең беделді жоғарғы оқу орындарының студенті атанып үлгерген. «Менің басты мақсатым – ауыл балаларын дамыту, көтермелеп, ғылымға деген қызығушылығын арттыру» дейді жас ұстаз.
Сұхбат барысында Піржан өзінің бала күнгі арманын да айтып қалды.
Кішкентай кезімде мұнайшы болуды армандағанмын. Жоғары сыныпқа көшкенде химия пәні қосылды. Алғашқыда қиын деп ойлағанмын. Бірақ пән мұғалімі Зейнұр Жаманқұлов ағайымыз бірінші күннен пәнге еліктіріп әкетті. Тереңдеп қарасам, түпсіз терең, қызық сала екен. Ағайдың тақырыпты түсіндіруі, шеберлігі, тазалығына қатты қызықтым. Бүгінде химия пәнінің мұғалімі болуыма Зейнұр мұғалімнің ықпалы зор болды. Сол кісіге қарап бет түзеп, болмасам да ұқсап бағуға тырыстым. Қазіргі таңда ұстазыммен бір ұжымда қызмет етемін. Ол кісіні білім саласында ғана емес, өмірдегі ұстазым деп санаймын. Жалпы өмірдегі жеткен әр жетістігімнің артында ата-анамнан кейін ұлағатты ұстаздарымның еңбегі өлшеусіз деп білемін, – дейді жас ұстаз.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген осы болса керек. Осыдан аз ғана жылдар бұрын өзі де мектеп партасында отырып, талай қиялға батқан еді. Міне, талап пен еңбектің арқасында бүгінде алға қойған мақсаттары біртіндеп жүзеге асып келеді. Кезінде өзі ұстаздарына еліктеп өскен жас маман бүгінде кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып жүрген жайы бар. Ендеше біз де жас ұстазға сәттілік тілей отырып, ұдайы абырой биігінен көріне беруіне тілектестік білдіреміз.
