Kyzylorda-news.kz. Химия – күрделі ғылымның бірі саналатыны баршаға аян. Бұл пәннің қыр-сырына қаныққан ұстаздар шәкіртінің білімін тереңдете түсетіні жасырын емес. Менделеев кестесіндегі элементтерді оқушыға ұғындыру өмір заңдылығынан туындайтыны тағы бар. Осындай ерекше пәннің сан алуан бағыт-бағдарын балаларға оқытуға сырдариялық ұстаз Баян Қалыбаева 38 жылын арнап келеді.

Ұлағатты ұстаз Баян Қалыбаеваның балалық шағы қазіргі Нағи Ілиясов ауылында өрбіген. Әкесі Сұлтанғазы мен анасы Аманкүлдің шаңырағында 8 бала үлкен өмірге қанат қаққан. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен ерлі-зайыптының балалары білімге құштар, өз алдына зеректігімен танылған болатын. Мәселен, кішкентай кезінен Баянның аңсары химия пәніне ауғанына көпшілік тәнті болатын. Бейнеткеш әке-шешенің үмітін ақтау үшін тек үздік оқушы болуға талпына білді. Нәтижесінде, мектепті алғыр ойлы оқушы «Алтын медальмен» бітіргені зор мақтаныш.

– Мен отбасында ата-анамның үлкен перзентімін. Өзімнен кейінгі бауырларыма әркез қамқор едім. Әке-шешемнің барлық тәрбиесін санамызға тоқып өсе білдік. Химияға деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүргенде оянғандығын айта кетейін. Сабақ үстінде химия пәнінің мұғалімі Күләйхан Досжанованың шәкірттерін оқытудағы өзіндік әдісіне қызығып қарайтынмын. Әрбір элементтің шығу тарихын түсіндіре білген ұстазымның жолын қуып діттіген мақсатыма қол создым. Ауыл мектебінен түлеп ұшқан мені әсем қала Алматы жылы қарсы алды. Мұнда С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстім. 5 жыл бойы химия ғылымын зерттеуге өлшеусіз өмірін арнаған ұстаздардан дәріс алдым. Осылайша, жүрек қалаған мамандықты меңгеріп, Қызылорда қаласындағы №12 І.Қабылов атындағы орта мектепке химия-биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым, – дейді Баян Сұлтанғазықызы.

Алғашқы еңбек жолында жас ұстаз түрлі қиындықтарға кездеседі. Бала бағбаны атану үшін әр жылдары білімін жетілдіре түсті. Оқушының өзіндік әлеміне үңіліп, білім деңгейін саралады. Кейіннен өзі туған ауылға қоныс аударып, Күләйхан апайдың ізбасары атанды. №132 Түймебай Айтбаев атындағы орта мектебінің білікті ұстазы атанған Баян Қалыбаева әр жылдары жоғарғы марапаттарға қол жеткізе білді. Мәселен, облыстық химия пәні мұғалімдері мен оқытушыларының қауымдастығының мүшесі Баян Қалыбаева «ХХІ ғасыр педагогы» сертификатымен, облыстық білім басқармасының «Құрмет громатасымен» марапатталған. Және де білікті маман халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанған. Ізденімпаз жан бүгінде бірнеше оқу құралының авторы саналады.

– Химия пәні өзіндік ерекшеліктерімен басқа ғылымнан бәсі биік. Күнделікті өмірде қолданып жүрген ұсақ-түйек дүниелер химияның құбылыстарына ұқсайды. Біздің кезімізде білім беру саласында бір ғана жүйе қолданылатын. Қазіргі уақытта жаңартылған мазмұнда шәкірт тәрбиелеу айрықша рөлге ие. Заманауи бағытта оқушының қабілетін ашуға мүмкіндік көп. Ұстаздар жаңа заман ағымына қарай бейімделіп, негізгі реформаларға дайын болғаны абзал. Сондықтан біздер оқушымен бірге білім деңгейімізді саралап отырамыз, – дейді білікті маман.

Бізбен әңгімесінде Баян Сұлтанғазықызы анасының ісмерлігін, кезінде кілем тоқығандығын айтып берді. Әркез  анасының ақылын тыңдап, жиі дидарласатын ұстаздың өзі де екі қызынан 5 немере сүйіп отыр. Қыздары Айдана мен Ақмарал түрлі салада қызмет етіп келеді.

 

 

Тағы да оқыңыз: