Kyzylorda-news.kz.  Cырдария аудандағы барлық мектепте жас түлектерге аттестат тапсыру салтанаты өткен болатын. Балғын шақта мектеп табалдырығын аттап, 11 жыл бойына білім алған мектеп бітіруші түлектер қолдарына құжаттарын алып, үлкен өмірге қанат қаққаны мәлім. Қасиетті Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектепте өткен салтанатты іс-шараға арнайы қатысып, жас түлектердің қуанышына ортақтасқан едік.

Аттестат тапсыру салтанатына аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, қоғам қайраткері, Жаңақорған, Шиелі, Сыр­да­рия аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ибрагим Әбибуллаев, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайроллаұлы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әбдіғаппар Әмірғалиев, аудандық мәслихат депутаты Динара Ибадуллаева, аудандық ауыл шаруашы­лығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков және ата-аналар қатысты.

Биыл орта мектепті 33 оқушы бітіріп отыр. Оларды салтанатты түрде сынып жетекшілері Ғазиз Қырданов пен Қаракөз Әбдіразақова бастап ортаға шықты. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы тұрған жас түлектердің жетістіктері туралы мектеп директоры Сламбек Қаюпов ақпарат берді.

– Биыл республика бойынша 172 000 оқушы мектепті бітіруде. Олардың ішінде 6800 жас түлек «Алтын белгіге» ұсы­нылған. Міне, осылардың қатарын №44 ор­та мектептен 5 «Алтын белгі» иегері толықтырып отыр. Оған қоса 6 «Үздік аттес­тат» иегеріміз бар. Бұл – біздің мектеп ұжымы үшін зор жетістік, үлкен мақтаныш. Сондай-ақ мектеп бітіруші жас түлегіміз Мерей Жалғас ҰБТ-ның бірінші кезеңінде 133 балл алып, жақсы нәтиже көрсетті. Осындай көрсеткіштермен мектебіміз облыста алдыңғы қатарлардан көрінді. Мұнда өзгенің уақытын аялап, өз уақытын аямаған қоғалыкөлдік ұстаздар қауымының қажырлы еңбегі бар. Сондықтан ұстаздарға шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді мектеп директоры.

Мұнан соң осы мектептің түлегі, қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев сөз сөйлеп, жас түлектерді арнайы құттықтады. Құрметті азамат қазіргі білім саласына жасалып жатқан жағдайды бұрынғымен салыстыруға келмейтінін, бүгінде мол мүм­кіндік қарастырылғанын атап өтті.

– Кезінде ауыл мектебінде қазіргідей мүмкіндіктер болмады. Бір партада үш оқу­шы отырып оқығанбыз. Білімге талпынып, осы мектеп қабырғасынан түлеп ұштық. Одан соң жоғары оқу орнында бі­лім меңгеріп, елге қызмет қылдық. Осы өңірдегі 4 ауданда басшылық қызметте болып, елге пайдамызды тигіздік. Сол білімнің арқасында 30-дан аса мемлекетте қызметтік сапарларда болдық. Сол себепті де қай заманда да білімді адамға сұраныс көп болады. Қасиетті Қоғалыкөл табанынан шыққан М.Лапиннің өзі 13 баласын Ресейде оқытқан. Мұның өзі түсіне білгенге үлгі болмақ. Сон­дықтан жастар білім алып, елдің дамуына үлес қосуы тиіс. Үлкен өмірге сәттілік тілеймін, – деген қоғам қайраткері 5 «Алтын белгі» иегері Мерей Жалғас, Қарақат Демжанова, Жібек Қазынабекқызы, Ақбота Тоқтарбаева және Нұрсипат Мақашқа 100 мың теңгеден қаржылай сыйлықты табыс етті. 

Айта кету керек, бұл үрдіске айнала бастағандай. Өйткені, өткен жылы да 1 «Алтын белгі» иегеріне И.Әбибуллаев 100 мың теңге қаржылай сыйақы тағайындаған.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев жас түлектерге құттықтауын жеткізді.

– Бүгінде ауданның білім саласы биік белестерді бағындырып, жыл сайын жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Өткен оқу жылында мектеп бітірген түлектер 100 пайыз жоғары және арнаулы оқу орындарына түсті. Биылғы оқу жылын аудан бойынша 476 түлек бітірсе, оның 396-сы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға өтініш білдірді. 29 түлек мектепті «Алтын белгіге», 52 түлегіміз «Үздік аттестатқа» бітірді. Оның ішінде осы №44 орта мектебін аяқтағалы отырған 33 түлектің 5-і «Алтын белгі», 6-ы «Үздік аттестат» иегері атанды. Ал білім ошағында 9 сыныпты 46 оқушы бітіреді, оның 3-і «Үздік аттестат» иегері. Бұл – мектеп пен ауылдың абыройын асқақтататын зор жетістік. Түлектердің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуінде уақытпен санаспай табанды қызмет атқарып, сапалы білім берген ұстаздардың еңбегі ерекше екенін атап өткім келеді. Сон­дықтан өнегесі мол ұстаздар қауымына ерекше алғысымды білдіремін, – деді Талғат Мейрамханұлы.

Сөз кезегінде аудандық мәслихат депутаты Динара Ибадуллаева, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков, Қоғалыкөлдегі жастар шаруашылығының өкілі Ержан Мұхиятдинов мектеп бітірушілерге жылы лебіздерін жеткізіп, сыйлықтар табыс етті. Ата-аналар да білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымына алғыстарын білдірді.
Салтанатты түрде қолдарына аттестат алған жас түлектер мектеппен қимай қоштасып, ұстаздарға арнаған әндерді шырқады. Осылайша, 11 жыл білім алған мектептен түлеп ұшып, үлкен өмірге жолдама алды.

Осындай тақырыптағы салтанатты іс-шара №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде жалғасын тапты. Салтанатты іс-шараға аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ләззат Мығымбаева, аталған бөлім әдіскері Ерлан Әбілдаев, мектеп-лицей директоры Бақытжан Бақбергенова қатысты. Іс-шара барысында  қонақтар бітіруші түлектерге ақжарма тілегін жеткізді. 

– Біз оқу жылын табысты қорытындылап отырмыз. Мектеп түлектері алғашқы кезеңде ҰБТ-ны жақсы нәтижеде тапсырды.  Бүгінде мектеп-лицейдене 27 түлек қанат қағып отыр. Оның ішінде, 2 оқушы «Алтын белгі» иегері, 3 оқушы «Қызыл аттестатқа» қол жеткізді. Жалпы, білімнің қарашаңырығында ұстаздардың тәлімін алған талай шәкірт үлкен өмірден өзіндік орнын табуда. Біз талантты, дарынды, білімді шәкірттерімізді мақтан тұтамыз, – деді Бақытжан Бақбергенова. 

Өз кезегінде осындай салтанатты іс-шара Нағи Ілиясов ауылындағы №132 орта мектепте өткізілді. Негізінен, 2022 – 2023 жылғы оқу жылында білім ошағынан 34 оқушы тәмәмдап, жоғары оқу орындарына түсуге талпынуда. Бүгінгі салтанатты іс-шараға ауыл ардагерлері, білім саласы қызметкерлері, түлектердің ата-аналары қатысты. Бұл ретте, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев жас түлектерге шынайы лебізін білдірді. 

– Айтулы іс-шарада түлектерімізге алдағы үлкен өмірде өз орындарын тауып, қалаған оқу орындарына түсуіне тілектестік білдіремін. Сонымен қатар, «Мағжан и К» ЖШС тарапынан «Алтын белгі» иегері Ақару Ермекге 200 000 теңге, «Үздік аттестат» иегерлері Қырмызы Сүйінбекке, Ұлбике Зұлбұхарқызына 100 000 теңгеден және мектептің қоғамдық жұмыстарына белсенді атсалысқан Дариға Қонысбекқызына 100 000 теңгелік сертификат табыстадым. Барша түлектерді бүгінгі айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, – деді «Мағжан и К»  төрағасы Дархан Ералиев.

Аталған іс-шара №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде жалғасын тапты. Аталған білім ордасында 53 түлек бітіріп отыр. Орыс және қазақ сыныбынан бірнеше оқушы алтын белгі иегері атанды. Бұл ретте, «Аmanat» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып құттықтау сөз сөйлеп, түлектердің мамандық таңдауда қатеспеу керектігін жеткізді. 

– Біз бүгін ерекше кештің куәсі болып отырмыз. Осыдан 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған түлектер өз таңдауларын жасауда. Осы кезге білімнің нәрімен сусындаған түлекте ұстаздардың үімітін ақтайды деп сенеміз. Әрине, ізденіс жолында жүрген жандар зор жетістікке қол жеткізе біледі. Жалпы, жас түлектерді бүгінгі қуанышты күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Еркебұлан Жақып. 

Негізінен, Арнұр Рүстемов мен Аружан Жақсыбаева «Алтын белгіге»,  Назерке Әзірбек,  Гүлнұр Жөргенбаева, Жанбота Әбутәліп, Арайлым Бақыт, Аружан Шәкіратова, Жаншуақ Жұмабекова, Айдана Жанаділ «Үздік аттестат» иегері атанды. 
Бұл ретте, ауданға қарасты 17 мектепте салтанатты іс-шара ұйымдастырылғанын айта кетейік. 
 

 

 

 

 

 

 

 

Тағы да оқыңыз: