Kyzylorda-news.kz. Жуырда №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі жанындағы «Балапан» орталығының тәрбиеленушілері республикалық «Жібек жолы» байқауында топ жарып, ауданның абырой-мерейін тасытты.

«Балапан» шағын орталығының өнерлі балғындары эстрадалық және аспапта орындау жанры бойынша байқаудың жүлдегері атанып отыр. Кішкентай бүлдіршін Шахназ Өтеш «Біз бақытты баламыз» әнін орындап, Гран-При жүлдесін қанжығасына байлады. Бүлдіршінді байқауға дайындаған жетекшісі Әлия Тоқшылыққызына «Үздік жетекші» номинациясын иеленді.

Алайда байқауда ерекше өнер көрсетіп, «Аспаптар әнін» нақышына келтіріп, ұлттық аспапта ойнау арқылы әнді үздік орындап шыққан сырдариялық балапандар да байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған болатын.

Бүлдіршіндерді өнерге баулып, республикалық деңгейдегі байқауға дайындаған орталықтың әуез жетекшісі Индира Қодарованың еңбегі жеткілікті. Кез келген  баланың шығармашылық қабілетіне қарай аспап таңдап, оны меңгертіп, үйреткен ұстазға алғысымыз шексіз мол. Қызым Маржан 5 жаста. Биылғы оқу жылында орталыққа барған еді Республикалық байқауда қызым сылдырмақта ойнады. Сахнадағы өнерлерін тамашалап, тәнті риза болдық. Жетекшіге орасан рақмет, – дейді ата-ана Жамиля Молдахметова.

Құрамында 7 өнерпазы бар шағын ансамбльде 4-5 жастағы Рамазан Төлебай, Айлин Ғалымжан, Айбын Алиасқар, Маржан Жармағанбетова, Арманжан Әшімов, Таңшолпан Әділбек, Бағжан Ибрагим өздерін үлкен сахнадағы өнерін жоғары деңгейде орындап шыға білді. Олардың әрқайсысы домбыра, шаңқобыз, сазсырнай, сылдырмақ, асатаяқ, даңғыра, тұяқтас секілді аспапта сәтті ойнап, қосыла ән айтқаны ұйымдастырушыларға аян. Өнер тобының жетекшісі И.Қодарова да «Үздік жетекші» номинациясымен марапатталған.

Бүлдіршіндердің жетістігіне орай мектеп-лицей директоры Ж.Төреқұлова қабылдау жасап, құттықтады.

Балғындардың республикалық де¬гейдегі байқауда топ жаруы – үлкен жетістік. Бұл – әрине, ұстаздарының еңбегі саналады. Жас дарынды өнерге баулып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, өнерге деген қызығушылықтарын арттырып, бәйгеге қосып, қос бірдей жүлдемен оралу – керемет жетістік. Шағын орталықтағы бүлдіршіндердің болашақта қазақ өнеріне деген сүйіспеншілігі одан сайын артатын болады, – дейді мектеп-лицей директоры.

50 жуық өнерлі бүлдіршін қатысқан байқаудың жеңімпазы Шахназға Гран-При жүлдегері ретінде Астана қаласында өтетін байқауға жолдама тапсырылды. Жас өнерпаздың ән қанатындағы биік белесіне сәттілік тілейміз!

 

Тағы да оқыңыз: