Kyzylorda-news.kz.  Математика – нақты ғылым саналады. Бұл сала адам өмірімен тығыз байланысты. Тіпті, күнделікті тіршілікте біз есеп-қисапты үнемі пайдаланамыз. Сондықтан осы саланың меңгертетін мұғалімдерге деген құрмет ерекше. 

Сырдария ауданының орталығындағы №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей базасында аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Үздік математика пәні мұғалімі – 2023» байқауы өткізілді. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын, талантты мұғалімдерді анықтау, оларды қолдау және тәжірибесін тарату, математика пәні мұғалімінің мәртебесін көтеру мақсатында өткізілген байқауға аудан ұстаздары қатысты.

Байқау 3 кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде математик мұғалімдер «Бір сабақ – бір әлем тақырыбымен ашық сабақ өткізді. Онда математика ғылымына қатысты көп ақпарат берді, оқушыларға сабақ беру үрдісі көрсетілді. Екінші кезең «Мұғалімнің шығармашылық шеберханасы» деп аталып, бұл кезеңде ұстаздар сабақ берудегі өзіндік тәсілдерін атап көрсетті. Үшінші кезең «Білімді мыңды жығар...» деп аталды. Онда математиктер сұрақтарға жауап берді.

Байқау барысында аудан ұстаздары №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің оқушыларына ашық сабақ өткізді, педагогикалық тәжірибесінде жасаған авторлық бағдарламасымен, оқу-әдістемелік көмекші құралымен, тәжірибесінде оң әсер еткен, таратуға лайықты педагогикалық идеясымен, математика пәнінен олимпиадаға, ҰБТ-ға дайындаудан тиімді лайфхактарымен бөлісті. Мұғалімнің кәсіби сауаттылығын анықтау, өз пәнін меңгеруін, ойлау қабілетінің шапшаңдығын анықтау мақсатында бір есепті белгіленген уақытта шығарды.

Әділ қазылардың шешімімен байқау нәтижесі шығарылып, №139 орта мектебінің мұғалімі Е.Шайхысламов бірінші орынды, №135 орта мектебінің мұғалімі Ш.Райымбекова мен №36 мектеп-лицейінің мұғалімі Г.Әділбекова екінші орынды, №126 орта мектебінің мұғалімі Жорабекқызы мен №131 орта мектебінің мұғалімі А.Жақсылықова үшінші орынды иеленді. Жүлделі орындар алған мұғалімдер аудандық білім бөлімінің басшысы мен аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті төрағасының арнайы дипломдарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

Ал облыстық байқауға Шайхысламов Ерсұлтан жолдама алды.
 

Тағы да оқыңыз: