Kyzylorda-news.kz  Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Н.Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепке жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.

– 1970 жылдары Батыр есімін иеленген ауыл орталығында жаңа 3 қабатты мектеп құрылысы салынып, мектепке Э.Тельман аты берілген.

2003 жылы 3 қазанда осы мектепте балалардың білімін жетілдіруге 42 жыл аянбай қызмет еткен, оның 26 жылында мектеп директоры болған ардагер ұстаз, Қазақ КСР-і Халық ағарту ісінің үздігі Түймебай Айтбаевтың аты беріледі. Түймебай Айтбаев – КСРО Халық ағарту ісінің үздігі (1985) белгісімен, «Ұлы Отан соғысы» медалімен марапатталған. Халыққа білім берудегі ерен еңбегі үшін құрметті «Ғасыр мұғалімі» атанған. Қазір мектеп №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектеп болып аталады. 121 жылдық тарихы тереңде жатқан мектеп өз қабырғасынан талай жақсылар мен жайсаңдарды түлетті. Бұл мектептің түлектері Республиканың, облыстың түрлі салаларында қызмет жасауда.

Кеңес Одағының Батыры да, Социалистік Еңбек Ері де түлеп ұшқан мектептің қасиетті қоңырауы аудандық «Еңбек даңқы» музейі жәдігерлерінің қатарын толықтырып тұр. Биылғы жылы күрделі жөндеуден өтіп жатқан білім шаңырағында әлі талай мәрте сан саланың майталмандары білім алып, қанаттанатын болады, – дейді мектеп директоры Ильяс Анафияев.

Аудан әкімі еңселі үш қабатты мектептің ішін аралап, мердігер мекеме өкіліне жұмыстарды сапалы атқаруды айтты. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарын сапалы және оқу жылы басталардан ерте аяқтауды ескертті.

Айту керек, білім ошағының күрделі жөндеу жұмыстарына 293 млн. теңге бөлінген. Бұл жұмыстарды «МКК Элит Строй» ЖШС атқаруда. Бүгінде ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Фото: baq.kz

Тағы да оқыңыз: