Kyzylorda-news.kz Сырдария аудандық орталық кітапхана мен Тереңөзек кенті мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірлесіп, "Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық қорғау күніне" орай «Ашық кітапхана – адал оқырман» тақырыбында кітап фестивалін өткізді. Кітапфестке кітапхананың тұрақты әрі белсенді оқырмандары мен Сырдария агро-техникалық колледж студенттері қатысты. 

Мәдени іс-шараның ашылуында Халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ Сырдария ауданы филиалының төрағасы Шахарбек Нұрсейітов сөз сөйлеп, кітап рухани қазына екенін, жас ұрпақ кітапқұмар болу керектігін айтты.

Кітапфестте дана ақын Абай Құнанбайұлы мен белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің кітап жайлы айтылған нақыл сөздері оқылды. Мұнан соң «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша жыл бойына насихатталатын қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» атты шығармасынан үзінді көрсетілді. 

Сонымен қатар, тағылымды іс-шарада жерлесіміз, театр анасы атанған Сәбира Майханованың туғанына 110 жыл толуына орай «Ана - Жер - Ана» трагедиясындағы Толғанай бейнесі сомдалып, Қоғалыкөл ауылының ақыны Байрон Есенбайдың «Майхантөбе» атты өлеңі назарға ұсынылды.

Іс-шара барысында аудандық әуез мектебінің қобызшысы Сәрсенкүл Түгелбаева мен Тереңөзек кенті мәдениет үйінің әдіскері Ербол Сағымбайұлы «Саранжап», «Балбырауын» күйлерін орындады.

 

Тағы да оқыңыз: