Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында білім беру саласы бойынша 53 білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның ішінде 30 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бар. Яғни 17 мемлекеттік бала бақша, 6 мектеп жанындағы шағын орталық, 7 жеке бала бақшада бүлдіршіндер тәрбиеленеді. Сонымен қатар ауданда 17 мектеп, 6 қосымша білім беру ұйымдары, 1 жалпы білім беретін кешкі мектеп жұмыс жасайды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібековтың айтуынша 2023 жылға бюджеттен бөлінген қаржы 13,1 млрд теңгені құраса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 млрд теңгеге артық, яғни 2022 жылы 10,6 млрд теңге бөлінген.
Ауданда мектепке дейінгі мекемелермен бүлдіршіндерді қамтуда ешқандай мәселе жоқ. 17 мемлекеттік балабақша, 7 жеке балабақша және 6 мектеп жанындағы шағын орталыққа 2050 бала қамтылған. Балалардың қамтылу көрсеткіші 1-6 жас 82 пайыз, 3-6 жас 100 пайыз. Ата-аналар балаларын бала бақшаға орналастыру үшін өтінішті электронды түрде бере алады немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өз өтініштерін өткізеді.
Ауданда жыл сайын жеке бала бақша саны да артып келеді. Мәселен, 2022 жылы 80 орынға арналған 1 жеке балабақша ашылса, биылғы жылы Бесарық ауылынан 50 орындық 1 жеке балабақша ашу жоспарлануда. Сонымен қатар бірқатар бала бақшалардан қосымша 30 орын ашылады деп күтілуде.
Мемлекет тарапынан бала бақша жұмысына бақылау жүргізу мақсатында және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2022 жылы 13 балабақшаға бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл мақсатта бюджеттен 15,9 млн теңге қаржы жұмсалған. Сондай-ақ, 7 балабақшаға 21 млн теңге қаржыға инклюзивтік кабинеттер сатып алынып, пайдалануға берілген.
Аудан бойынша 2022-2023 оқу жылында 17 мектепте 8219 оқушы білім алуда. Мектептердің 5-і инновациялық мектеп-лицейлер. Мектептерде 1309 мұғалім сабақ береді. Олардың 1251-і жоғарғы, 58-і арнаулы білімді. Мұғалімдердің 207-і педагог-зерттеуші, 490-ы педагог-сарапшы, 300-і педагог-модератор дәрежесі бар.
Ауданның білім саласында айтарлықтай мәселе жоқ. Ең қуаныштысы ауданда апатты жағдайда және 3 ауысымда жұмыс істейтін мектеп жоқ. Көптен бері ұсыныс ретінде айтылып жүрген жаңа мектеп салу мәселесі де шешімін тапты. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024 жылы Тереңөзек кентінен 300 орындық мектеп құрылысы салыну жоспарлануда, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Съездұлы.
Өткен жылы білім саласында атқарылған жұмыстардың қатарында Аманкелді ауылындағы №42 Қ.Баймағамбетов атындағы мектеп-лицейінің от жағатын ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуіне қаржы бөлінгені. Бөлінген 12,8 млн. теңге қаржыға тиісті жұмыстар жүргізілген.
Сондай-ақ, пәндік кабинеттер сатып алуға 24,6 млн.теңге қаржы бөлініп, №131, №137, №210 мектептер жаңа модификациялық кабинеттермен жарақтандырылды. 2023 жылы 23,1 млн теңгеге №44,139,191 мектептерге жаңа модификациялық кабинет алынады. Бұл өз кезегінде білім сапасын арттыруға берілетін үлкен мүмкіндік.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында №37, №126, №132, №135, №137 мектептерге жаңа стандартқа сәйкес бейнекамера орнатылды, бұл мақсатта 36 млн. теңге қаржы бөлінді. №37, №42, №129 мектеп-лицейлерге 9000 млн. теңге қаржыға инклюзивтік кабинеттер алынды.
Жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға барлығы облыстық бюджеттен 64,8 мың теңге қаржы бөлініп, оқулықтар толық алынып, оқушыларға таратылып берілген. 2023 жылы оқулықтар алуға 78,5 мың теңге бөлініп тұрғанын айту керек.
Ауданда 5 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс жасайды, олардың 4-і әуез мектебі, 1-і Оқушылар Үйі. Қосымша білім беру ұйымдарына 1169 оқушы қатысады, ол барлық оқушылардың 13,4 пайызын құрайды. Қалған 6 елді мекендерде филиалдар жұмыс жасайды.