Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Өткен жылы жобаның бірінші бағыты бойынша «Әлеуметтік жұмыс орындарына» 32 адам, «Жастар тәжірибесіне» 220 адам, «Қоғамдық жұмыстарға» 789 адам, алғашқы жұмыс орындарына 17 адам, ұрпақтар келісім шарты бойынша 5 адам, «Күміс жас» бойынша 15 адам жолданған болатын. Сонымен бірге қысқа мерзімді қайта даярлау курсында 30 адам оқытылса, осы күні 20 адам оқуды аяқтап, 10 адам тұрақты жұмысқа орналасқандығын айта кетейік.
Негізінен, «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсына аудан бойынша 951 адам қатысқан еді.
Ал жобаның екінші бағыты бойынша «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» тетігі бойынша 300 адам грант иегері атанған. Жоба шеңберінде 367,5 млн теңге игерілді. Оның ішінде, әлеуметтік осал топтар қатарынан 153 адам, 29 жасқа дейінгі жастар 147 адам қаржыландырылған.
– Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен грант алған жандар арамызда жеткілікті. Оның ішінде, кәсіпкерлік әліппесін енді меңгерген жандарға аталған қаражаттың көмегі зор. Өз кезегінде «Жастар тәжірибесі» бойынша 220 адам қаржыландыру құптарлық жағдай. Жұмысқа енді орналасуға ниетті жандар өз саласы бойынша тәжірибе жинақтайтыны мәлім. Осы күні аталған жастар жұмыс жасауға барған мекемесіне тұрақтап қалған жағдайда бағдарламаның тиімділігі байқалады. Сонымен бірге жақында қолданысқа енгізілген «Күміс жас» бағдарламасының зейнет жасқа жақындаған азаматтарға тигізер пайдасы зор болмақ, – дейді аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы.