Kyzylorda-news.kz  Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсаулықтарын нығайтып жаңа оқу жылын тың күшпен бастаулары үшін қолайлы уақыт. Әрбір бала жанға жайлы, демалысты қызықты өткізуді армандайды. Осы ретте Сырдария ауданындағы "Жалын" сауықтыру лагері жұмысы маусым аясында жұмыстарын үйлестіруде. Жазғы каникул кезеңінде бекітілген жоспарға сәйкес балаларды сауықтыру демалысымен қамту жұмыстары тұрақты әрі жоспарға сай жүргізіліп келеді.

Ағымдағы оқу жылында 1-10 сынып аралығында 7752 бала оқыса, «Жалын» сауықтыру лагеріне 691 бала, мектеп жанындағы жатын орынсыз ұйымдастырылатын лагерьде 2927 бала, жатын орынмен 315 бала, көркейту, көгалдандыру топтарында 1323 бала, экскурсиямен 1100 бала, мектеп жанындағы шатырлы және қараүйлі лагерьде 1000 баланы қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда балалар тынығу және сауықтыру лагерлерінде өз демалыстарын ойдағыдай өткізуде.

2024 жылы бірінші маусым мен тамыз айының 12-сіне дейінгі аралықта «Жалын» лагері алты ауысым бойынша жұмыс жасап, әр ауысымда 116-120 баладан қабылданады. Қазіргі таңда сауықтыру лагерінің үшінші ауысымы өз келушілеріне қызмет көрсетуде. Сондай-ақ лагерьге әлеуметтік төмен, толымсыз отбасы, жартылай жетім, аз қамтылған және көпбалалы отбасы балалары тынығуға  келетін болады.
Тынығушылар тоғыз топқа бөлініп, әр топпен бір аға тәлімгер, тоғыз тәрбиеші жұмыс жасайды. Лагерь аумағына санитарлық тазалық және жай жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы іс-шаралар жоспары да бекітілгенін айта кетейік. Ағымдағы жылы жай жөндеу жұмыстарына 3,3 млн теңге қаржы бөлінген. Наурыз-сәуір аралығында, көркейту-көгалдандыру (арам шөптерді отау, ағаш әктеп әрлеу, бордюрларды сырлау) тазалық және тұрғын үйлер мен асханаға жөндеу жұмыстары жүргізілген. 

Гүл егетін орындар әзірленіп, 300-ге жуық гүл көшеттері мен 200 ағаш көшеті және қалемше егілген. 

– Ағымдағы жылы үнемделген қаржы есебінен төсек орындар жаңартылып, 53 дана төсек (кровать), 100 төсеніш, 130 жапқыш пен 100 жастық, тұрғын үйлерге 40 шакаф пен 100 тумбочка алынды. Асхананың негізгі және авариялық есіктері толығымен ауыстырылып, тамақ пісіретін электрлі пештер жаңартылды. Сонымен қатар, кір жуу орнына жаңадан автоматтандырылған кір жуғыш машина алынды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 25 бейнекамера орнатылды. Болашағымыз балалардың демалыс уақытын тиімді ұйымдастырып, жазғы каникулын ұтымды өткізуі үшін тиісті мамандар бірлесе жұмыс атқаруда, – дейді "Жалын" сауықтыру лагерінің директоры Ә.Бәйменов.

Айта кетейік, "Жалын" сауықтыру лагеріне рұқсат алу үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына өтініш жолданған. Демалыс маусымы басталмай тұрып СЭС мамандары лагерь аумағында тексеру жұмыстарын жүргізіп, арнайы рұқсатын берген.
Сондай-ақ демеушілер есебінен де басқа қалаларға экскурсиялар мен тынығу шаралары ұйымдастырылатын болады. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы «Машат» тынығу лагерінде 50 бала демалады. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақстан Халқына» қоғамдық әлеуметтік  қорының «Жаздық жолдама-2024» қайырымдылық жобасы аясында Түркістан облысына арнайы сапар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, республикалық «Балдәурен» лагерінде 65 оқушының тынығуына квота бөлінді. Жыл басынан бері 32 оқушы демалып келді. Жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен барлық оқушы яғни балалар 100 пайыз қамтылады.

Балалардың жазғы тынығу лагерлері әр түрлі болғанымен олардың мақсаты мен міндеттері бірдей: балаларды тынықтыру, қызықтыру, денсаулығын нығайту, білімін кеңейту, тәрбиелеу. Ал ауданымыздағы аталған сауытыру, тынықтыру лагерлері өз жұмысын лайықты түрде атқарып келеді әрі балалардың қуанышына себеп бола бермек.

Тағы да оқыңыз: