Kyzylorda-news.kz. Сырдария аудандық мәдениет үйінде аудандағы білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиынды аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ашып, еркін елдің ертеңі - бүгінгі жас ұрпаққа кемел білім мен кенен ғылым нәрін сусындатқан ұстаздар қауымын төл мерекелерімен құттықтады.

«Дамудың жаңа дәуіріне қадам басқан сайын, соған сай білім беру саласы да үздіксіз жетілдіріп отыруды қажет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымның дамуына аса мәнберіп, жастарды оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге үндеп келеді. Қазіргі уақыт – білектінің емес, білімдінің заманы. Рухани өресі биік, ұлттық құндылықтарды ұлықтай білетін азамат тәрбиелеу – ұстаздардың қолында. Бүгінгі күнгі білім саласындағы реформалар – жаңартылған білім мазмұны, бес күндік оқуаптасына көшу ұстаздардан өз білімдерін үздіксіз жетілдіріп отыруын талап етеді. Мерейлі мереке күні ауданның білім саласының барлық қызметкерлері мен ардагер-ұстаздарына ризашылығымды білдіремін. Төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еліміздің келешегін қалыптастыратын, дамуына үлкен үлес қосатын білімді ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектеріңізге зор шығармашылық табыстар тілеймін», - деді аудан басшысы құттықтау сөзінде.  

Осындай ұлты ұлықтаған ұстаздарды мереке қарсаңында аудан басшысы Тәуелсіз еліміздің әлеуетін көтеруде, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісінде елеулі табыстары үшін №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің химия-биология пәнінің мұғалімі Батишева Үміткүл Жағыппарқызын "Ы.Алтынсарин" төсбелгісімен марапаттады.

Сонымен қатар, жиында бірқатар мұғалімдер «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері»  төсбелгісімен, Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, ҚР Оқу-ағарту Министрлігінің Алғысымен, ҚР Салалық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы «Құрмет грамотасымен», облыс әкімінің, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. 
Салтанатты шарада бірқатар білім беру саласының қызметкері 2021-2022 оқу жылының қорытындысымен №37 мектеп-лицейдің  бастауыш сынып мұғалімі Сейтасқарова Роза Айнашқызы "Үздік педагог"  атағымен, «Үздік білім беру ұйымы» номинациясымен №42 мектеп-лицей ұжымы, «Білім бәйтерегі»   номинациясымен №35 мектеп-лицей ұжымы, «Үздік жаңашыл мектеп» номинациясымен №139 орта мектеп ұжымы марапатталып, үздіктерге қаржылай сыйлықтар табысталды.

Мерекелік шара аудандық мәдениет үйі, əуез мектебі көркемөнерпаздарының, мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.

Сырдария.jpg

Тағы да оқыңыз: