Kyzylorda-news.kz Бүгінгі білім беру кеңістігінде мұғалімнің жетістікке жетуі үшін ондаған жылдық еңбек өтілі шарт емес. Ең бастысы – шәкірт жүрегіне жол таба білетін кәсіби шеберлік, жаңашыл көзқарас пен өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік. Осы талаптардың барлығы Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылындағы Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Піржан Ержанұлы Төлегеннің бойынан толық көрініс тапқан.
Ұстаздық жолды таңдағанына небәрі бес жыл ғана уақыт өтсе де, жас педагог осы қысқа мерзім ішінде облыстық, республикалық деңгейдегі көптеген байқауларда топ жарып, кәсіби ортада үлкен беделге ие болды. Оның еңбегі ауыл мектебінде де жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын дәлелдеп отыр.
Піржан Төлеген әр жылдары «Үздік жас маман – 2022» облыстық байқауының жеңімпазы, «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз», «Дарынды балаларға – талантты ұстаз», «Педагогикалық идеялар фестивалі – 2024», «Педагогикалық идеялар панорамасы» секілді кәсіби сайыстардың республикалық кезеңдерінің жүлдегері атанды. Ең басты жетістіктерінің бірі – Қазақстан көлемінде іріктелетін «ТОП-10» жас ұстаздың қатарына енуі.
Сонымен қатар ол Сырдария ауданы бойынша «Жыл үздігі – 2023» атағына ие болып, республика көлемінде «Energizer ұстаз» номинациясымен марапатталды. Аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығын алуы – оның жас та болса, үлкен жауапкершілікпен еңбек етіп жүргенінің айқын дәлелі. Қазіргі таңда Піржан Ержанұлының біліктілік санаты – педагог-зерттеуші.
Жас ұстаздың озық тәжірибесі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген «Ауыл мектептері педагогтерінің озық тәжірибелерін тарату бойынша әдістемелік ұсынымдар» жинағына енгізіліп, республика педагогтеріне үлгі ретінде ұсынылды. Бұдан бөлек, ол Оқу-ағарту министрімен бірнеше мәрте кездесіп, республикалық деңгейдегі тақырыптық тренингтер мен кәсіби семинарларға белсенді қатысқан.
Көпшілікке мәлім, химия пәні – оқушылар үшін күрделі әрі терең дайындықты талап ететін ғылым саласы. Соған қарамастан, Піржан Төлегеннің шәкірттері жыл сайын пәндік олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп келеді. Оның жетекшілігімен дайындалған оқушылар ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинап, медицина және химия пәні мұғалімі мамандықтарына 100 пайыз мемлекеттік грант иегері атануда.
Атап айтқанда, 2023–2024 оқу жылында Жұбатқан Нұржайна, Есіркепқызы Ақжан, Ғабитқызы Фарида, Тыным Сабина, Жарылқасын Кәусар жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалардың жеңімпаздары атанды. Ал 2025 оқу жылында Жарылқасын Кәусар ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың финалдық кезеңінде I орын алып, алтын жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ Қайраддин Жәния республикалық жасөспірімдер олимпиадасының облыстық кезеңінде III орын иеленсе, Жаханша Бақдәулет «IQanat» олимпиадасының жеңімпазы атанып, білім грантына қол жеткізді.
Қазіргі заман – білім мен технологияның бәсекесі күшейген кезең. Жасанды интеллект пен цифрлық жүйелер дамыған сайын, ұстаздың рөлі тек білім беруші емес, бағыт-бағдар беруші, тұлға қалыптастырушы ретінде арта түсуде. Осындай жауапты кезеңде Піржан Ержанұлы сынды ізденімпаз, шығармашыл, жаңашыл ұстаздардың еңбегі ерекше құрметке лайық.
Ауыл мектебінен түлеп шығып, республикалық деңгейде мойындалған жас педагогтың жетістігі – жас ұрпаққа үлгі, әріптестеріне мотивация, ал білім саласы үшін үлкен мақтаныш.
