Kyzylorda-news.kz. Аймақтағы білім беру ісін жетілдіруге «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының үлесі зор. Арал ауданында орналасқан орталық өткен жылдан бастап «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиынын өткізіп келеді. Бүгінде жобаға 7-10 сыныптардан іріктеліп алынған 480 оқушы қатысып жатыр. Олар жаратылыстану ғылымы саласындағы информатика (робото-техника), география, химия, физика, биология және математика пәндері бойынша тереңдетілген білім алып, олимпиадалар мен түрлі байқауларға қатысып, облыстың білім көкжиегін дамытуға өз үлестерін қосуда.

— «Қамбаш» пансионаты бір мезгілде 120 оқушыны қабылдауға қауқарлы. 7-10 – сынып аралығындағы дарынды оқушыларр жатын орын, 5 мезгіл тамақ, келіп-кету жолақысымен қамтылған. Жастар жоғарыда аталған пәндер бойынша топ-топқа бөлінген. Сабақтың жыл бойғы ұзақтығы 210 сағатқа тең. Қазіргі жұмысымыз балалардың болашағына ықпал етері сөзсіз. Біздің орталықта ҰБТ-ға дайындалып кеткен оқушылардың алды шетелде білім алуда. «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиыны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Балалардың білім алуына бар жағдайды жасап жатырмыз. Тіпті, смартфондарын жинап алып, тек қажетті жағдайларда ғана қайта береміз, – дейді «Дарын» облыстық қосымша білім орталығының директоры Айжан Тұрғанбекқызы,

Мұнда оқудан бқлек, суға түсу бассейні, үстел теннисі, сурет салу кабинеті секілді бос уақытты тиімді пайдалануға тамаша мүмкіндік қарастырылған. Оқушылар таңғы ауаның жұпарымен көл жағасында жаттығу жасайды.  Кешкі серуенге де шығып, бір сәт көңіл көтереді. Он күн ішінде оқумен ғана шектелмей, қызықты шаралардың өткізілуі оқушының санасына серпіліс беріп, көңілін көтереді. Кешкілік уақытта Қамбаш көлінің жағасына жиылып, алауды айнала қоршаған балалар өлең оқып, ән айтып, бір-біріне жылы лебізін арнайды.

— Математика пәнінен мұғалім болуды қалаймын. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл еншілеп, жоғары оқу орнына түсіп, ұлы математиктерді даярлайтын ұстаз болғым келеді. Осы ретте «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиынына алғыс білдіргім келеді. Білікті мамандардан білім алып, дарынды оқушылармен тәжірибе алмасып, жақын дос таптық. Қосымша үйірмелерге қатысып, білімімізді жетілдірудеміз, – деді Жалағаш ауданы № 123 мектептің 10-сынып оқушысы Эльмира Доспанова.

Бүгінде талап пен тәртіпті назарға алған жоба нәтижесін беруде. Жуырда орталықта білім алған оқушылар пәндер бойынша өткізілген республикалық олимпиаданың жаратылыстану-математикалық бағытында II орын иеленсе, қоғамдық-гуманитарлық бағытта үздік үштікке ілікті. 
Мұнда мұғалім мен оқушының байланысы берік. Сапалы білім алу үшін керекті дағды сараланып, жастардың бойына оқуға құштарлық сезімі себіледі. Осылайша, біздің оқушылар тестілеу мен олимпиадада үздік шығып, терең білім мен таным-түсінігі дәлелдеп келеді.

Тағы да оқыңыз: