Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Үсен Қошалақов атындағы «Ұстаз – ұлағаттың шайыры» тақырыбында математика пәнінен дәстүрлі ХVIII аудандық пәндік олимпиадасы өтті.

2007 жылдан бастау алған бұл олимпиада жыл сайын дәстүрге айналып, аудан жастарының математикалық қабілетін шыңдап, ардагер ұстаздың есімін ұрпақ жадында жаңғыртуда.

Олимпиада биыл да ардагер ұстаз ұзақ жылдар еңбек еткен А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейінде ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы арнайы қатысып, атаулы күнмен құттықтады.

– Тұрақты түрде өткізілетін шараға ардагер ұстаздың көзін көрген замандастарын, шәкірттерін қатыстыру бүгінгі күні жалғасын табуда. Оның ұрпақтары республика көлемінде жемісті еңбек етіп  жүргендігінің өзі де  ─ өнегелі өмірдің  лайықты  мұрагерлері екендігін  білдіреді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған тағылымды жарысқа өз алғысымды білдіріп, игі іс-шаралар жалғасын таба берсін,– деп атап өтті.

Іс-шара барысында үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанған оқушылар марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, іс-шараға арнайы шақырылған ардагер ұстаздар мен қазылық еткен азаматтар ізгі лебізін білдірді.

Жиын соңында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы сөз сөйлеп, олимпиаданы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде өткізіп жүрген ұстаздар қауымына алғысын білдірді.

Білім додасы.jpg

Тағы да оқыңыз: