Kyzylorda-news.kz. Биыл қазақстандық түлектер соңғы қоңырау сыңғырын жаңа күнде естіді. Бұған дейін 25 мамыр соңғы оқу күні болып есептелсе, осы жылдан бастап, жас түлектер 1 маусым күні алтын ұясымен қоштасты. Өз кезегінде аудан бойынша 17 мектепте соңғы қоңырау іс-шарасы өткізілді. Бұл ретте, №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицей базасында жүзеге асқан соңғы қоңырау мерекелік іс-шарасына аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков, сала ардагері мен ұстаздар, ата-аналар қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында аудан басшысы Берік Сәрменбаев соңғы қоңырау мерекесімен ұстаздар мен оқушыларды құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Қазақстанның жарқын болашағы. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті», – деген болатын. Бүгінде ауданның білім саласы биік белестерді бағындырып, жыл сайын жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Сырдария ауданында 17 мектепте 8219 оқушы білім алуда. Олардың 471-і биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басады. Дана халқымыз «Әдепті баланы өсірсең ауылдың абыройы, ақылды баланы өсірсең алты алаштың абыройы» деген қанатты сөзді өскелең ұрпақ жадына сіңіруіміз керек. Ардақты ұстаздар, алдымен Сіздерге жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолындағы еңбектеріңіз үшін өз атымнан алғысымды білдіремін. Қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы айтқандай, «Сенде бір кірпіш дүниеге кетігін тапта, бар қалан» демекші, барлық мектеп бітіруші түлектерге алдағы ҰБТ жоғары балл жинап, қалаған мамандықтарың бойынша оқу орындарына түсулеріне тілектестігімді жеткіземін», – деді аудан әкімі.
Бүгінде тәжірибелі басшы Жанар Төреқұлова жетекшілік ететін мектеп-лицейден 53 оқушы 11 сыныпты бітірді. Оның ішінде, 2 оқушы «Алтын белгіге», 7 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болып табылады. Сонымен бірге, алғашқы ұстаздарынан әліппені 112 оқушы меңгерді. Ал 9 сынып бойынша 108 оқушы оқу жылын сәтті аяқтаса, орта білім туралы «Үздік аттестатқа» 5 оқушы үміткер екен. Оқу жылының соңғы күнінде білім ошағында сүйінші жаңалық орын алды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің қолынан білім ұясының жүргізушісі Талғат Ермаханов жаңа автобустың кілтін алды. Жаңа оқу жылында мектеп оқушылары жаңа автобуспен қатынайтын болады.
Шаттық. Шад-шадыман күлкі. Болашаққа деген үміт. Бұның барлығы соңғы қоңырау салтанатында орын алған ерекше естеліктер жиынтығы. Осы сәтте әрбір елді мекендегі білім ошағында соңғы қоңыраудың үні естілді. Концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, оқушылар өз өнерлерін көрсетті. Сонымен бірге жылдағы дәстүр бойынша «Шаған жер» ЖШС-і №37 мектеп-лицейдің үздік оқушыларына Қожабек Дәдікбаев атындағы стипендия табыстады. Үздіктер қатарында 11 сынып оқушысы Мирас Қайратұлы, 10 сынып оқушысы Лаура Батырбеккызы, 9 сынып оқушысы Назым Асан бар. Ауданның зиялы қауым өкілдері қатысқан салтанатты іс-шаралар жоғары деңгейде жүзеге асты. Алдағы ҰБТ-да жас түлектер аудан мерейін асырсын деп тілейміз!