Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Студенттік ғылым – 2026» ХХVIII ғылыми конференциясы биыл да жоғары деңгейде өтті. Ауқымды ғылыми шара «Әлемді ғылым құтқарады – IV» ғылым айлығы аясында ұйымдастырылды.
Конференция жұмысына Басқарма төрағасы – Ректор Наурызбай Байқадамов қатысып, студенттердің ғылыми жетістіктері ұсынылған көрмені аралады. Биыл 31 ғылыми көрме ұйымдастырылып, онда білім алушылардың зерттеу жұмыстары мен инновациялық жобалары таныстырылды. Қазіргі таңда университетте 500-ге жуық студент ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысып келеді. Ректор жас зерттеушілердің еңбектерін жоғары бағалап, ғылымға бет бұрған жастарға қолдау жалғасатынын атап өтті.
Жиынның ресми бөлігінде конференцияны Академиялық мәселелер бойынша проректор Дана Абдрашева ашып, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Нұрғали Ақылбеков конференцияның негізгі мақсат-міндеттері туралы айтып, студенттік ғылымды дамыту бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Конференция барысында қатысушылар өз ғылыми баяндамаларын ұсынып, зерттеу жобалары мен инновациялық идеяларын қорғады. Әртүрлі бағыттағы ғылыми жұмыстар студенттердің ізденіс деңгейін көрсетіп, жаңа бастамаларға жол ашты.
Аталған шара студенттердің ғылыми әлеуетін арттыруға, зерттеу дағдыларын дамытуға және жас ғалымдардың қалыптасуына үлкен мүмкіндік берді. Конференция қорытындысы бойынша үздік ғылыми жобалар анықталып, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды.
