Kyzylorda-news.kz Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы мен «Студент» бастауыш партия ұйымы «Этика және жасанды интеллект» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырды.
Мақсаты – болашақ журналистердің қызығушылығы мен оқырман ретіндегі сауаттылығын арттыру, дамыту, мәдени және ақпараттық біліктілігін көтеру, сыни ойлау формасын қалыптастыру. Жас журналистердің тіл байлығын арттыру, өмірге көзқарасын қалыптастыруға, ой-өрісін кеңейтіп, көркем сөйлеуге, пікірін ортаға салып, дәл айтуға баулу. Бұқаралық ақпарат құралдары бойынша дайындау және кәсіби бағдарлық қажеттіліктерін жүзеге асыру.
Жиынға журналистика мамандығының білім алушылары мен БАҚ саласында кәсіби біліктілігін арттыруға ұмтылатын жастар қатысты.
− Бүгінде ақпараттық технологиялар саласындағы жасанды жүйеге енгізілген ақпаратқа сүйеніп, тапсырманы жылдам әрі оңай орындайтын жасанды интеллект сұранысқа ие. Іс-шара журналистика мамандығының студенттеріне бағытталған. Семинар барысында жасанды интеллекттің пайдасы мен зияны айтылды, − деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының маманы Айнұр Досжанова.
Семинарда қызықты мәліметтермен қатар идеялар ортаға салынды. Қатысушылар түрлі ойындар ойнап, жасанды интеллектіні практика жүзінде қолданды. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар саласы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, пайдалы кейстер айтылды. Шара соңында қатысушыларға кофе-брейк ұйымдастырылды.
− «Этика және жасанды интеллект» тақырыбында өткен семинар-тренинг жоғары дәрежеде өтті. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Құнды әрі пайдалы мәліметтер айтылды. Теориямен қатар практикалық жұмыс жасалды, − деді Қорқыт ата атындағы журналистика мамандығының студенті Аружан Серікова.
Қорлан САРЫ
Фото: ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы