Kyzylorda-news.kz. Аузынан сүт дәмі кетпеген ақмаялық балғындар 30 мамыр күні балабақшамен қоштасты. Енді олар балдәурен күннен оқушылық кезеңге аяқ баспақ. Балабақшаның меңгерушісі Ақерке Баймаханованың айтуынша, биыл он бірінші түлектер тәлім ошағынан білім ұясына қоныс тепкен.
«Қош бол, ойын ортамыз» атты мерекелік шара барысында балалар әннен шашу шашып, ауылдық клуб үйін бимен көмкерді. Бұғанасы қатпай жатып, мың бұралған балғындар өздерінің болашақ мамандығын бүгіннен бастап нықтаған тәрізді. Ертегі кейіпкерлерін сомдап, түрлі тапсырмалар орындау арқылы балабақшада алған білімдерін паш етті. Бойы мен ойы өскен балалар мектеп табалдырығын аттауға дайын екендіктерін аңғартты. Тақпақтарды мүдірмей айтып, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.
Балалардың іс-шараға белсенділікпен және тыңғылықты дайындықпен қатысуы балабақша ұжымының жемісті жұмысының нәтижесі екені айқын. Тәрбиеші Айгүл Жұмағұл мұнда он жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол баланың тұлға болып қалыптасуы үшін ата-ана мен балабақша бірлесе жұмыс жасау керек деп санайды.
«Балабақша – бүлдіршін үшін ұжымдық қарым-қатынастың бірінші тәжірибесі. Әр баланың мүмкіншілігі, қабілет-қарымы әртүрлі болуына қарай бейімделуі де түрліше өтеді, сондықтан алдымен баланың жағымды ішкі эмоционалды жағдайын қолпаштау керек. Балаға жайлы және жақсы болғанда ғана ол ортаға тез үйреніседі, үйлесімді дамиды. Бүлдіршін ата-анасы сұрамай-ақ балабақшада жаттаған тақпағын көңілдене айтып берсе, күні бойы болған топ оқиғаларын өзі баяндаса – бұл оның бейімделгенінің бірінші белгісі. Ата-ана мен педагогтар бірлесіп, балаға оң психологиялық ахуал тудыра алса ғана бала тұлғасы қалыптасып, жан-жақты дамиды. Бұл менің еңбек тәжірибемде жинақтаған қағидаларым», – дейді А.Жұмағұл.
Қоштасу кешіне қатысқан ата-аналар да балаларының бойына сан өнерді жиып алып, көпшілік алдына шығып талантын танытқанына дән риза. Көңілдері шаттанып, тәрбиешілерге алғыс білдіріп жатты.
«Балабақша қызметкерлеріне алғысым зор. Баланың қабілетін шыңдап, талантын ашып, биікке қарай жол сілтеп отыр. Қызметте абыройлы болсын. Еңбектеріне жеміс тілеймін», – дейді ата-ана Арайлым Рахметова.
«Аймира» балабашасы 2011 жылы «Балапан» бағдарламасы негізінде ашылған. Содан бері ауыл тұрғындары игілігіне, бала бақытына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Айта кетейік, балабақша шәкірттерінің алды биыл 10-сыныпты тәмамдайды.
Зияткер ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің білім саласындағы әлеуетін көтеруде балабақшалардың орны ерек. Бұл тұрғыдан алғанда «Аймира» бөбекжайы мемлекеттік талаптарға сай білім беріп отырған бірден-бір мекеме.