Kyzylorda-news.kz. Соңғы қоңырау салтанаты қашан да толқынысты сәтке толы. Әсіресе бұл – мектеп түлектерінің мәңгі жадында сақталатын сәт. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» мектеппен қоштасу қашанда тебіреніске толы. Бейсенбі күні ауданға қарасты барлық мектепте соңғы қоңырау соғылып, 959 түлек қияға қанат қақты. Еңбекшідегі №159 орта мектебінің соңғы қоңырау салтанатына біз де қатысып, тамаша шараның куәсі болдық.
Тағы бір оқу жылын аяқтадық. Ақ бантик таққан арулар мен ақ жейделі ұлдар салтанатты шараның шырайын ашты. Мектеп ауласында мерекелік көңіл-күй сезілгенімен, түлектер мен ұстаздардың, ата-аналардың жүзінен әлдебір қимастықтың лебі ескені байқалады. Бұл жолғы қоңыраудың қоңыр үні олардың есінде мәңгі сақталары сөзсіз.
№159 орта мектебін тәмамдағалы отырған түлектердің соңғы қоңырау салтанатында мектеп директоры Ерсаид Жүсіп құттықтау сөз сөйледі.
«Құрметті мектеп бітіруші түлектер, ата-аналар, ұлағатты ұстаздар! Бүгін барлығымыз үшін ең бір аяулы күн, ерекше мереке. Қазір ауданымыздың 37 мектебінде соңғы қоңырау соғылып, түлектер оқуын аяқтап, баянды болашаққа қадам басқалы тұр. Бұл – әрбір түлек және оның ата-анасы мен 11 жыл бойы көз майын тауысып тәрбиелеген ұстаздар үшін ерекше толқулы сәт. Осындай керемет сәтте біз сол ұстаздар қауымына мың да бір алғыс айтсақ артық емес. Нағыз ұстаз қиындыққа мойымай, әр баланы оқытып, тоқытып, «сол білсін, өссін, өнсін» деп тыным таппайды. Сондықтан да бүгінгі мектеп бітіріп отырған аяулы жас түлек, сендер сол ұстаздардың еңбегін ақтауға тиіссіздер. Жақсы мамандық иесі атанып, өңіріміздің, республикамыздың дамуына үлестерін қосса екен дейміз. Ұстаздар мен ата-аналардың үмітін, мемлекеттің жас ұрпаққа құйған инвестициясын ақтау – парыз. Сондықтан қымбатты жас түлек, Қазақстанның болашағы – өздеріңіздің қолдарыңызда. Жаңа Қазақстанға жаңа буын, жаңа көшбасшылар керек. Сол жаңа буын – сіздерсіздер», – деді мектеп директоры.
2022-2023 жылғы оқу жылын барлығы 327 оқушы аяқтап отыр. 43 оқушы 9-сыныпты, 14 оқушы 11-сыныпты бітірген. 9-сыныпта 9 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Жалпы облыс бойынша биылғы оқу жылында 8210 түлек мектеп бітірген. Ал 15 546 оқушы 9-сыныпты тәмамдаған. Білім ұясымен қоштасқан түлектердің 537-сі «Алтын белгіге» үміткер болса, үздіс аттестатқа 915-і үміткер.
«Шынымды айтсам, ерекше толқып тұрмын. Бүгін сүт кенжем мектеп бітіріп жатыр. Кеше ғана тұлымшағы желбіреп, жүгіріп жүрген кішкентайым еді. Уақыт деген қандай жүйрік! Көзді ашып-жұмғанша 11 жыл өте шықты. Алдағы сынақтан сүрінбей өтіп, қайда жүрсе де, жолы болса екен», – дейді ата-ана Гүлбану Айдарова.
Әрине, біз де іштей ана тілегі қабыл болсын дедік. Соңғы қоңырау салтанаты мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласып, қоңырау соғу рәсімімен және мектеп түлектерінің вальсімен аяқталды.
Мектеп бітірушілер бұдан кейін қоңырау олар үшін соғылмайтынын, мектеп партасына қайтып отырмайтынын білсе де, соның бәрін көкірегінің бір түкпіріне түйілген сырлы сағынышқа айналдырып кете бармақ. Ұстаздар он бір жыл бойы тәрбиесін шыңдаған, білімін жетілдіріп, қанаттандырған өрендерінің өздерін ешқашан ұмытпайтынына бек сенімді. Өйткені бұл қайта айналып қайырыла бергің келетін, жыл сайын соңғы қоңырау соғылар күні жүрегің шымырлап, мектеп партасына жаңа отырған бала шәкірттей тебіренетін күн болып қала бермек. Сәт сапар, жас түлек!