Kyzylorda-news.kz. Жас түлектер үшін соңғы қоңырау бірінші маусымда соғылғанымен, 9-11 сынып оқушылары маусым айының жиырма бірінші жұлдызында аттестат иеленді. Соңғы қоңырау сәтінде қимастықпен ән шырқап, көңілі мың құбылған түлектер аттестат алу рәсімінде мектеппен шын қоштасуды сезінді. Кей қыздардың көңілі босап, көзінен шыққан жастың сынық бөлігі қолына тамып, білім берген ошағына қимастықпен қарады. Ал ата-аналары барынша ұл-қызына үміт артып, сәттілік тіледі. Биыл аудан бойынша мектепті 1-11 сынып аралығында 18553 оқушы аяқтап шықса, 11 сыныпты 961 оқушы бітірді. Оның ішінде 65 түлек «Алтын белгі» иегері атанып, 93 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. Осыған орай сәрсенбі күні аудан әкімі Нұржан Ахатов оқуда озат, білім мен біліктілігін ұштастыра білген «Алтын белгі» иегерлерін қабылдады. Кездесу барысында аудан басшысы жас түлектерге сәт сапар тілеп, ізгі ниетін жеткізді.
«Сіздермен үлкен өмірге аттанар сәтте жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Қай кезде де ұрпақ тәрбиесін құндылыққа балайтын, еңбек пен білімді ұштастыра білген әр ата-ана үшін бала болашағы бәрінен қымбат. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан» – деген ұлы Абайдың сөзін еске түсірсек, өмірде өз орындарынды тауып, Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын, болашағына нық сеніммен қарайтын білімді де іскер, отансүйгіш, адал азамат болуларыңызға шын жүректен тілектеспін», – деді Н.Сәбитұлы.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, кеудесіне алтыннан төсбелгі таққан түлектің бірі – №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының бітірушісі Ж.Асанова. Ол аудан басшысының қабылдауында болып, ішкі тебіренісімен бөлісті.
«Мен үшін бүгінгі күн – айшықты да, айдынды, мерекелі де мерейлі, табысты да толғамды күн. Өзімнің қимас білім мекеніме айналған, балдәурен шақтың балауса қызығын өткізген, бойыма білім мен тәлімді тәрбие жинаған мектеп-анам «Ақ Ордадан түлеп ұшқалы тұрмын. 11 жыл бұрын қасиетті білім ордасының табалдырығын жасқана да жүрексіне аттап, өзіме тәлім берер алғашқы ұстазыммен жүздесіп, балалық арман-мақсатымды айқындап, білім нәріне бас қойған едім. Жылдар легі менің өрісімді кеңейтті, бойымды қатайтты, топшымды бекітті. Ұлағатты ұстаздардан алған білімімнің нәтижесі болатын ҰБТ-ға дайындығым да жоғары деңгейде. Осы сәтті пайдалана отырып, алтын ұя мектебіме, ұстаздарыма алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ бүгінгі менің бітіруші жас түлек достарым, «Өмір» атты даңғылл жолдарыңызға тек сәттілік тілеймін. Қонар тұғырларыңыз биіктей берсін, қанаттарыңыз талмасын», – деді ағынан жарылып.
Тілектердің тиегі ағытылған күні аталған мектептің «Алтын белгі» иегері Нұрай Абдуашимқызы да үнсіз қалмады. Сөз барысында жас түлек өзінің әсерімен бөлісіп, қатарластарына сәттілік тіледі.
«Алтын белгі» алғандағы әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі 11 жылғы еңбегімнің нәтижесін, жемісін көрдім. Кеше ғана мектеп табалдырығын имене аттанған сәби едік. Міне,бүгінгі күні үлкен өмірге қадам басып жатырмыз. Мектеп табалдырығын аттағаннан бері аяулы әжем менің бойыма білім алудың маңызын сіңіріп өсірді. Содан болар мен жаңа нәрсені үйреніп,білім алудан жалықпаған емеспін. Мен үшін әрдайым отбасымның, ұстаздарымның маған артқан үмітін ақтау бірінші орында.« Алтын белгіге үміткерсің» деген сөзден кейін мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге бар күшімді салып дайындалдым. Осылайша Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы мүмкіндігінде 128 балл алып шықтым. Бұл жетістікке жеткізген менің аяулы ұстаздарыма басымды иіп тағзым етемін. Он бір жыл бойы бізге білім беріп,үлкен өмірге дайындағандарыңызға үлкен рахмет!Сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын деп сенемін. Болашақта өз таңдаған мамандығымның шебері болып,өз еліме адал қызмет етуге бар күшімді салуға дайынмын! Барша түлектерге де жұғысты болсын деймін», – деді жаңа өмірге қадам басқан бітіруші түлек.
«Ел болашағы – жастар» демекші біз де өз кезегімізде қияға қанат қағып, болашаққа самғап бара жатқан болашақ мамандарға сәт-сапар тілейміз.