Kyzylorda-news.kz. Ертең Білім күніне орай аймақтағы барлық оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 594 полиция қызметкері және 139 қызметтік автокөлік жұмылдырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов баяндады.
Бала – өмірдің жалғасы. Мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігі мәселесінің маңызы зор. Жаңа оқу жылының басталуына сәйкес оқушылар қауіпсіздігі басты назарға алынды. Бүгінгі таңда полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп балалардың қауіпсіздігі үшін тиісті шаралар атқарылуда.
«Жаңа оқу жылының басталуына орай полиция қызметі күшейтілген кестеге көшіріліп жұмыс істеуде. 1 қыркүйек – «Білім күнінде» барлық оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 594 қызметкер және 139 қызметтік автокөлік жұмылдырылатын болады. Оқу жылының алғашқы күндерінен бастап, мектеп алдындағы жол өткелдерінде, балалар травматизмінің алдын алу мақсатында таңертеңгі, түскі және кешкі уақытында ювеналды және патрульдік полиция инспекторлары күнделікті қызмет атқаратын болады. Сонымен қатар, Республика көлемінде өтіп жатқан «Назар аударыңыз балалар!» шарасы аясында, облыста орналасқан 295 мектептің аумағында жол белгілеріне тексеріс жұмыстары жүргізілді. Аталмыш шара барысында жол белгілерінің 100 данасы қайта қалпына келтіріліп, жаңадан 75-і орнатылды. Мектеп алдындағы 91 жаяу жүргінші өткелінің таңбалары жаңартылды. Сондай-ақ, оқушылармен жол жүрісі ережелерін сақтауға және тасымалдау кезінде оларды ұстау құрылғыларын пайдалануды насихаттауға бағытталған аудио, бейнероликтер қоғамдық орындарда, автобустарда, кинотеатрларда көрсетіледі. Жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүріс бөлігін белгіленбеген жерден өтуі, бағдаршамның тыйым салу сигналына өтуі, кенеттен жақын келе жатқан көліктің алдына шығу болып табылады. Осы орайда, барша ата-аналар мен балаларды жол жүру ережесін қатаң сақтауға шақырамыз»,- деді полиция полковнигі Шамшидин Егенбердіұлы.