Kyzylorda-news.kz. Ерекше білім алуды қажет ететін балалар үшін инклюзивтік білім алуға жағдай жасау басты міндет. Оларды қоғамға бейімдеу, жалпы ортаға қосып, бұзылысына қарай білім алуға жағдай жасау үшін білім беру ұйымдарында инклюзивтік орта қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күні өңірдегі мектептерде 8 инклюзивтік ресурстық орталық, 235 мектепте инклюзивтік кабинет жұмыс істейді. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік балабақшаларда инклюзивтік білім беруге жағдай жасалған.
Осы орайда, жеке балабақшаларда инклюзивтік білім алуға жағдай жасау бағытында зор үлесін қосқан «Шағбан» балабақшасы.
«Ерекше білім алуды қажет ететін балалармен жұмыс істеу барысында үнемі жаңа технология енгізілуде. Соның ішінде иппотерапия әдісі «Шағбан» балабақшасында алғашқы рет енгізілді. «Альтаир-Бөбек» қоғамдық қоры 2017-2018 жылдар аралығында 240 ерекше қажеттілігі бар балаларға оңалту қызметін көрсетті. 2017 жылы нәтижесінде «Иппотерапиямен оңалту» қызметін алушы Жақсылық Мөлдір Қазақстан Республикасы параолимпиадасының «Халықаралық ат спорты» жарысына облыс атынан қатысып, 3 орынды иеленді», – деді «Альтаир-Бөбек» қоғамдық қорының директоры, «Шағбан» жеке балабақшасының құрылтайшысы Жапырақ Ұзақбаева.
Айта кетейік, Қызылорда облысы бойынша ерекше білім алуды қажет ететін 5912 бала тіркелген. Олардың 664 балабақшада, 1992 жалпы білім беру мектептерінде, 1013 үйден, 269 арнайы мектеп-интернаттарда білім алады. 2021 жылы 1590 бала арнайы білім беру ұйымдарында түзету көмегін алды.