Kyzylorda-news.kz. Мектепке дейінгі білім беру саласындағы ауқымды жұмыстарды ақпараттандыру тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Оның ішінде, аудан көлемінде бүлдіршіндерге білім мен тәрбие беріп келе жатқан балабақша қызметі назардан тыс қалмайды. Бес мыңға жуық халқы бар Шаған ауылында «Нұр Ай Сая» жеке балабақшасы жұмыс істейді.
«Нұр Ай Сая» жеке балабақшасы осыдан 7 жыл бұрын пайдалануға беріген. Бүгінде бала¬бақшада 2 топта 50 бала тәрбиеленіп жатыр. Алғашқы жылдары өз қаражаты есебінен жұмысын жандандырған Ұлбала Тұрғанбекқызы отбасылық кәсіпті игере білді. Нәтижелі жұмысты ұйымдастырған білікті басшы ұжымға тәжірибелі педагогтарды тарта білді. Қазіргі уақытта 18 қызметкер білім сапасын арттыруға, халық баласын тәрбиелеуге барын салуда. Мемлекеттік қолдау аясында балабақшаның материалдық базасы кеңейген. Сонымен бірге тәрбиешілердің кәсіби біліктілігін арттыру мақ-сатында инновациялық білім беру бойынша арнайы курстарға жіберіліп тұрады.
«Шаған ауылында бірнеше мемлекеттік және жеке балабақша жұмыс жасайды. «Нұр Ай Сая» жеке балабақшасын ашудағы негізгі мақсат – отбасылық бизнесті жандандыру, ауыл балаларына жан-жақты тәрбие беру болатын. Әрине, сұраныс бар жерде сапаға көңіл бөлінеді. Балабақша қызметін үйлестіру бір ғана адамның қолынан келмейтіні рас. Қашанда педа-гогикалық құрам мен әрбір техникалық қызметкердің алдында зор жауапкершілік тұратыны сөзсіз. Сондықтан тұтастай ұжымның өлшеусіз еңбегі бағалану аса маңызды рөл ойнайды. 50 баланың күнделікті күтімі, оларды оқыту әдіс-тәсілі, уақытылы тамақтандыру, сауықтыру шараларын жүргізу, санитарлық тазалықтың сақталуы басты назарда болатыны сөзсіз», – дейді балабақша меңгерушісі Айзат Рахатқызы.
Нарықтық заманда бәсекеге қабілетті болу айрықша ойнайды. Аудан бойынша балабақшалардың әлеуеті сараланып отырады. Баламен жұмыс жасау барысында шығармашылыққа назар аудару керек. Жетістікке жеткен әрбір бала үшін ұлағатты ұстаз бен ата-ана марқаяды. Соңғы 7 жылда балабақшаның табысты болуы – озық тәжірибенің арқасы деп білеміз. Төрт жыл қатарынан аудан көлемінде семинар «Нұр Ай Сая» жеке бала-бақшасында ұйымдастырылды. Әр семинарда бала қабілетін шыңдауға көңіл бөлінді. Балабақша директоры Жанат Рахатқызы «Кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін» атағы бойынша облыс әкімінің марапатына ие болды. Сонымен бірге Айзат Рахатқызы «Үздік балабақша меңгерушісі – 2019» номинациясын иеленді. Екі жыл қатарынан Жамила Алиева мен Бағила Алтаева «Үздік балабақша қызметкері» атанды.
«Білім және өнер бәсекелерінде бүлдіршіндеріміз зор табысқа қол жеткізіп келеді. Әрбір баланың ерекше дамуына ұстаздар барын салады. Айта кетейік, біз көпбалалы, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға көмек ретінде балабақша төлемақысын төлеуді өз мойнымызға алғанбыз. Сан түрлі мерекеде 50 балаға арналып бағалы сыйлық беріледі. Алдағы уақытта тың жоспарға иек артып, жаңа жобаларды жүзеге асырамыз. «Балалар жылы» аясында жүйелі жұмыстарды жүргіземіз. Айтулы жыл шеңберінде өткізілетін іс-шараларға, түрлі жоғары деңгейдегі байқауларға қатысуға ниеттіміз», – дейді балабақша директоры Айзат Рахатқызы.