Kyzylorda-news.kz Дүниедегі баға жетпес мамандықтың бірі – мұғалім. Себебі ұстаз барлық мамандық иесін тәрбиелеп, оқытып үйрететін мейірімді абзал жан. Жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беретін, жүрегі жылулық пен мейірімге толы, шәкіртіне екінші анасындай бола білген ұстаздың бірі – Гүлжанат Кенжалиева.
Ол 1963 жылы Қармақшы ауданындағы Ақай елді мекенінде дүниеге келген. 1970 жылы аудандағы Шоқан Уәлиханов атындағы №26 мектептің бірінші сыныбына барған. Кейін Қармақшы ауданына қарасты Қуаңдария ауылындағы № 186 мектепті тәмамдаған.
Жастайынан білімге құштар кейіпкеріміз оқушы кезінде үздіктер қатарында болған. Білім үйреткен ұстаздарына қызыға қарап, әдеби шығармаларды жаны сүйген кейіпкеріміз ұстаздық жолының қалай бастау алғанын айтып берді.
– Орыс тілі мен қазақ тілі және әдебиет пәнінен беретін ұстаздардың әрбір жүріс-тұрысына мән беретінмін. Оның ішінде Шегебай Құндақбаев есімді ұстазға тәнті едім. Ол сыныпқа кіріп келе жатып жаңа тақырыпты айтып, Абайдың өлеңдерін оқитын. Сонда сыныптағы оқушылар ұстаздың өлең оқып болғанынша тік тұрып, тыңдайтын. Міне, осы кісінің оқушылар алдындағы ерекше әдіс тәсілдері менің жадымда мәңгі сақтаулы. Сонымен қатар сынып жетекшім Күлия Каленова апайымнан мәдениетті үйрендім. Мен осы ұстаздарға еліктеп, солардай болғым келді. Бүгінде осы ұстазымның жолын жалғастырып келе жатырмын деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Осылайша ұстазының жолын қуған шәкірт Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінде филология мамандығын оқып, бітірген.
Алғаш еңбек жолын Қармақшы ауданындағы Кекірелі елді мекеніндегі №254 мектептен бастаған. Кейін отбасын құруына байланысты Ақтөбе ауылындағы №109 мектепке ауысқан. Онда аз уақыт жұмыс істеп, Иіркөл елді мекеніндегі № 106 мектепке ауысып, ұзақ жыл қызмет атқарған.
– Бір күні нағашыма қыдырып келгенде оның балалары №7 мектепті мақтанышпен айтып отырғанын құлағым шалды. Сөйтсем нағашымның балалары сол мектептен білім алады екен. Содан қалаға көшкенде менде осы мектепте мұғалім боламын деген мақсат қойып, 1999 жылы құжатымды қалалық білім бөліміне тапсырып, №7 мектепке барғым келетінін айттым. Сөйтіп, қыркүйек айында сол мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым, – дейді Гүлжанат Кенжалиева.
Арман-мақсатына жеткен мұғалімнің бұл мектепте қызмет атқарып келе жатқанына жиырма төрт жыл болған. Осы 24 жылдың ішінде әріптестеріне сыйлы болып ғана қоймай, оқушыларының да сүйікті ұстазына айналды.
– Гүлжанат апай менің сынып жетекшім болмаса да ол кісіні қатты құрметтеймін. Апай бізге қазақ тілі және әдебиеті пәнінен білім беретін. Кейде сабақтан бөлек түрлі шығармалардағы әңгімесін, өмірге қатысты мысалдар келтіре отырып сабақты қызықты өткізетін. Тіпті оқушыларға сұрақ қоюының өзі ерекше еді. Бірде әдебиет сабағы болуы керек, сонда апай «менен кім қорқады?» деп сұрақ қойды. Сол кезде бірнеше оқушы қолымызды көтердік. Қол көтерген оқушыларды орнынан тұрғызып: «Менен неге қорқасыңдар? Адам адамнан қорықпайды, адам Жаратушыдан қорқады, ал адамдар бір-бірін сыйлап, құрметтейді», – деген еді. Міне, осы сөз менің жадымда мәңгі қалды. Әрдайым көпшілік арасында бойымды қорқыныш билейтін сәтте, апайдың айтқан сөзін есіме түсіріп, сол сөзді қайталап көпшілік арасында өзімді еркін ұстауды үйрендім. Қазір адамдар арасында тез тіл табысатын, ашық жарқын адаммын, – дейді оқушысы Айгүл.
Оқушысы айтқандай, мұғалім сыныпта сабақ оқытумен қатар түрлі әңгіме мен шығарманы айта отырып, балалардың білімге деген қызығушылығын арттыра білген.
– Пәнге қызығушылығымның арқасында әрі мамандығымның қыр-сырын меңгеру үшін әдеби шығармаларды көп оқитынмын. Тіпті 1 аптада он шақты кітап оқыған кездерім болды. Соны оқушыларыма үлгі болсын деп айтып, кітап алмасатынбыз. Жалпы балалармен емін-еркін ашық сөйлесемін, сол кезде балалардың бойында еркіндік пен жауапкершілік пайда болады, – дейді Гүлжанат Кенжалиева.
Оқушыларының алғысын естіген ұстаз өмір жолының текке өтпегенін жеткізді.
Ұстазының жолын қуған кейіпкеріміз оқушылар мен мұғалімдер арасында сыйлы болып, құрметке бөленіп жүр. Сондай-ақ облыс әкімінің бастамасымен мұғалімдер арасындағы сайысқа қатысқан кейіпкеріміз «Миллионер ұстаз» атағын алса, 2019 жылы қала әкімінің ұйымдастыруымен өткен «Үздік мұғалім» сайысынан сыйақы алған. 2018 жылы облыс әкімінің қолдауымен шыққан «Өлкетану» оқулығының авторының бірі екенін де айтып өткен жөн.
