Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Қазақстан Республикасы Сенаторлар Кеңесінің мүшелері Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында білім алушылармен кездесу өткізді. Жиында Басқарма Төрағасы-ректор Бейбіткүл Каримова мәртебелі қонақтарға оқу орнының жетістіктері мен жаңа бастамалары туралы баяндама жасады.
Кездесу барысында университет профессоры Серікбай Қошқаров Мәделхан Нәлібаев атындағы су шаруашылығы мұражайымен таныстырып, аймақтағы су ресурстарын басқару және суды үнемдеу технологиялары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында ақпарат берді.
Сенаторлар Кеңесінің мүшелері университеттің жыл сайын дамып келе жатқанын ерекше атап өтіп: “Біздің сапарымыздың басты мақсаты – Президентіміздің құрылтайдағы сөйлеген сөзін насихаттау, сондай-ақ өңір халқының тыныс-тіршілігімен танысу,” – деді.
Кеңес мүшелері қатарында Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері: Қуаныш Сұлтанов, Бірғаным Әйтімова, Рашид Әкімов, Динара Нөкетаева, Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы және академик, тарихшы Өмірзақ Озғанбаев болды.
Қуаныш Сұлтанов кездесудің студенттер үшін маңызды екеніне тоқталып: “Жастар, болашақтарыңызды ойлаңыздар. Сіздердің пікірлеріңіз біз үшін аса құнды. Президентіміздің құрылтайдағы сөйлеген сөзінде жастардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Ел болашағы сіздердің қолдарыңызда, сондықтан әрқайсысыңыз жауапкершілікті сезініп, алдарыңызға биік мақсаттар қойыңыздар,” – деп жастарға үн қатты.
Кездесу соңында сенаторлар білім алушылармен еркін форматта сұқбаттасып, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ, ел болашағы үшін еңбек ететін білікті мамандардың қатарын толықтырады деген сенім білдірді.