Kyzylorda-news.kz Жаңа оқу жылының басталғанына көп болмады. Әйтсе де Жалағаш ауданына қарасты ақсу ауылындағы оқушылар биылғы оқу жылын жетістікпен бастап үлгерген. Апта басында өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелеуде ерен еңбек етіп келе жатқан ауылдағы №116 орта мектеп ұжымының жұмысымен танысып қайттық. 

– Мектепте бүгінде 308 оқушы білім алуда. Оның 32-сі – бітіруші түлек. Қазіргі таңда 29-ы ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Дайындық өзімнің қатаң бақылауымда. Былтырғы оқу жылында 30 түлек алтын ұя мектебімен қоштасып, ұлттық бірыңғай тестілеуге 23 оқушы қатысуға ниет білдірген. Оның 15-і жоғары оқу орнына, 8-і колледжге грантқа түссе, 7-еуі ақылы оқуға түсті. Сондай-ақ 3 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды, – дейді мектеп директоры Дархан Әбдиев. 

300-ден аса оқушы білім алатын мектепте 61 ұстаз білім беріп, еліміздің келешегін қалыптастыру жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Оның ішінде 15-і педагог-зерттеуші, 11-і педагог-сарапшы, 22-сі педагог-модератор мәртебесін иеленген. 

Иә, білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш сынып. Мектеп директорының айтуынша, биыл бірінші сыныпқа 20 бала қабылданған. Бала қауіпсіздігін басты назарда ұстайтын ұжымда 159 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның 33-і әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары болса, 126-сы бас-тауыш сынып оқушысы. 

Мектеп қазіргі заман талабына сай материалдық-техникалық базамен, заманауи кабинеттермен қамтамасыз етіліп, әр кабинет техникалық құралдар мен компьютерлер, интерактивті тақталармен, сондай-ақ әр пәнді терең үйретуге мүмкіндік беретін оқу бөлмелерімен жабдықталған. Атап айтар болсақ, заман талабына сай химия, физика, биология, информатика, IT кабинеті бар.

Мұнан бөлек мектепте арнайы дефектолог кабинеті қарастырылған. Мұнда дефектолог Нұртуған Темірхан ерекше қолдауды қажет ететін балалармен жұмыс жасап, оң нәтижеге қол жеткізіп келеді. 

Сондай-ақ 2022 жылдан бері «Жасыл мектеп» кабинеті бар. Оған жауапты биология пәнінің лаборанты Жанар Боранқұлованың айтуынша, мұнда 6,7,8 сынып оқушылары еккен гүлдер мен түрлі жеміс-жидектер, көкөністер бар. 

– Кабинетте 25 түрлі гүл бар. Көктемге дейін гүл өсірумен айналысамыз. Яғни фиикус, шефлера, кактус, геран, роза, әйел бақыты, алоэ, шырмауық, бархат, лимон талы және тағы басқалары бар. Сондай-ақ қияр, қызанақ, ащы бұрыш, тұщы бұрыш, салат шөптері, жүгері, бидай, пияз бар, сәбізді  қазан айының басында егіп, қаңтар айында жинаймыз, – дейді Жанар Боранқұлова. 

Оның айтуынша, оқушылар мұнда сабақтан тыс уақытта да келіп, әр өсімдікті өз қолдарымен баптап, ол өнім бергенше күтімін жасайды. Сол арқылы олар ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, оны баптауға машықтанады. 

Мектеп кітапханасындағы кітап қоры – 21 544. Кітапханашы Ғалия Жүнісова рухани орда үнемі жаңа еңбектермен толығып тұратынын айтады. Қоғамның дамуына қарай ақпаратты жан-жақты алуға, яғни аудио, видео, интернет желісі арқылы алуға мүмкіндік болғанымен оқушылар кітапханада отырып әдеби кітаптарды оқығанды жөн көреді екен. 

Мектепте жазғы демалыс уақытын бос өткізбей тиімді пайдаланған озат оқушылардың бірі – Дархан Мырзабек. Ол – оқу жылы басталысымен жетістікке қол жеткізген үлгілі оқушы. 

Өткен аптада жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өткен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялар байқауының аудандық кезеңінде «Автокөліктің қолданыстағы модельдерін әзірлеу саласындағы техникалық құрастыру» бағыты бойынша ІІ орын иеленген. 

– Мен бұл байқауға жетекшім Қарлығаш Байғазиевамен бірге 1 ай дайындалып, жарақат алған адамдарды жылдам жеткізу мақсатында әскери жедел жәрдем көлігін құрастырып жасадым. Көліктің арнайы тіркемесі бар. Ол арқылы дәрігерлер науқастарды жол бойы емдей алады. Сондай-ақ қажет болған жағдайда оқ-дәрі тасымалына көмегі бар. Көлік тоқпен алға, артқа және оң мен солға жүреді, – дейді Дархан Айдосұлы. 

Білімге құштар Дархан – бүгінде мектеп мақтанышы. Ол бүгінге дейін бірнеше мәрте білім бәйгесінде топ жарған. Тек бір ғана пәнмен шектелмей, география, әдебиет сынды сабақтардан да үздік атанған. Спортты да жанына серік еткен ол бүгінде баскетболдан мектеп құрамасында өнер көрсетеді. Сондай-ақ былтыр тоғызқұмалақтан оқушылар арасында облыс көлемінде өткен жарыстан жүлделі орын алып, республикада тартысты ойын өрнегін көрсеткен.

Мектеп ұжымы оқушылардың жазғы тынығуын тиімді ұйымдастыру мақсатында былтыр міндетті оқу қоры есебінен Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» сауықтыру лагеріне 22 оқушыны, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «QH Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы аясында «Қуаныш» тынығу лагеріне 3 оқушыны, Алматы қаласындағы «Тау жанашыры» лагеріне ауылдағы ірі шаруа қожалықтың бірі «Сәрке батыр» ЖШС демеушілігімен 1 оқушыны тынығу лагеріне жіберген. Сондай-ақ жылда дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясына да биыл ауылдың белді кәсіпкерлері мен мектеп ұжымы белсенді қатысып, 31 оқушыны киім-кешек, оқу-құралдарымен толық қамтамасыз еткен. Мұнан бөлек оқушыларды жан-жақты дамыту жұмысы бір жолға қойылған. Оқушылар сабақтан тыс жас химик, жас физик, робототехника, домбыра, қолөнер, тоғызқұмалақ, волейбол, баскетбол, футбол, шахмат сынды үйірмелерге қатысады.

Тәрбие мен білімнің қазыналы ордасына айналған мектеп оқушылары бүгінде аудандық, облыстық, республикалық білім бәйгелерінде жыл сайын топ жарып жүр. Қазіргі таңда аталған мектеп оқушылары ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілетін республикалық олимпиадаға дайындық үстінде. Мектеп директорының айтуынша, олимпиадаға 23 оқушы қатысады.

Ел ертеңі болған жастарды тұлға етіп қалыптастыруда сапалы білім беріп қана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне басымдық берген ұжымның бүгінде жұмысы жүйелі, оған мектеп тынысымен танысып жүріп-ақ толық көз жеткіздік. Жалпы білім сапасын арт-тырып, оқушылардың тәрбиесіне басымдық берген алтын ұяның мақсаты айқын. Ал алдына мұндай мақсат қойған ұжымның шәкірттері қашанда бәсекеге қабілетті болары сөзсіз.   

 

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Тағы да оқыңыз: