Kyzylorda-news. Жалағаштық ұстаз Салтанат Қосжанованың есімі бүгінде елге мәлім. Бұған дейін білім саласында қажырлы еңбек етіп, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға бар қарым-қабілетін жұмсаған ұлағатты ұстаз бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде жұмыс жасайды.
Ол жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын республикалық «Үздік педагог» байқауында былтыр топ жарды. Айта кеткен жөн, мұғалімдердің білімі қатаң сараптаудан өтетін бұл байқауға тек үздік педагогтар ғана қатыса алады. Былтыр аталған білім бәсекесіне республика бойынша 5 500 талапкер қатысса, соның 123-і облыстан іріктеліп, республикалық кезеңге өткен. Яғни байқаудың соңғы кезеңінде білім беру саласының 123 қызметкері бақ сынады. Олардың ішінде Жалағаш ауданынан бір үміткер болды. Ол – Темірбек Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Салтанат Қосжанова болатын.
Сонымен байқаудың қорытынды нәтижесінде алғаш рет аудан ұстазы жеңімпаз атанды. Осылайша ол 3 млн теңге сыйақы мен «Үздік педагог» төсбелгісін кеудесіне таққан және сол уақыттан бері ол мұндай марапатқа лайықты екенін саладағы еңбегімен дәлелдеп келеді. Иә, Салтанат Қосжанова – үнемі ізденіс үстінде жүретін жаңашыл мұғалім және жиған білімі, тәжірибесімен шәкіртті ғана емес, өзін де үнемі жетілдіріп отыратын нағыз ұстазға тән бекзат болмыстың иесі. Оқырмандардың ойына тағы да сала кеткенді жөн көрдік, Салтанат Қосжанова – Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігі ұсынған «Абайтану» оқулығын әзірлеген авторлардың бірі. Нақтырақ айтсақ, биыл жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына еніп, пән ретінде оқытыла бастаған қосымша әдістемелігі бар «Абайтану» хрестоматиясын жазып, даярлаған республика бойынша үш мұғалімнің бірі. Сондай-ақ Салтанаттың өз пәні бойынша дайындаған оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардан жүлделі орындар иеленіп келеді.
– 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл байқауға қойылатын талап өте жоғары. Байқаудың ережесі бойынша әр қатысушы мұғалімнің республикаға тараған педагогикалық тәжірибесінен жинақталған әдістемелері, авторлық бағдарламасы, республикалық конкурстарға, фестивальдарға, конференцияларға қатысқаны, ондағы жасалған баяндамалары болуы тиіс. Сонымен бірге түсірген телевизиялық сабақтары, «Оқуға құштар мектеп» жобасы, дебаттық қозғалыс бойынша атқарған жұмыстары және ата-аналармен қарым-қатынас жұмыстары, волонтерлық қызметтері, қайырым¬дылық іс-шараларына белсенділігі және басқа да педагог атқаруы тиіс жұмыстардың барлығы сұралады. Мен байқаудың облыстық кезеңінде өзге әріптестерімнен басым ұпай жинап, республикалық кезеңге өттім.
Байқаудың ережесі бойынша бұрын көрмеген мектебімізде болып, танымайтын оқушыларға сабақ бердік. Сабақтарымды талдау кезеңінде комиссиядан жоғары баға алдым. «Сабақтың құрылымы, сабақ барысында қолданылған тың әдіс-тәсілдеріңіз, сабақтың әр кезеңінде оқушылармен қарым-қатынас орнатуыңыз, соның ішінде олардың әрбір сөзі мен әрекетіне жіті мән беруіңіз, оқушылармен жұмыстарды сара-лауыңыз көңілімізден шықты және біз оны тәжірибе ретінде өз сабағымызда қолданатын боламыз» деді. Шынымды айтсам, комиссия мүшелері мен әріптестерімнің осындай бағасы мен үшін байқаудың жүлдесінен де қымбат болды, – дейді Салтанат Қосжанова.
Иә, бүгінде Мемлекет басшысы білім саласына айырықша назар аударып, мұғалімдердің жағдайына жіті мән беріп отыр. Қабылданған жаңа заңның аясында педагогтардың мәртебесін көтеруде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Оның мақсаты – мұғалімдердің жағдайын жасау арқылы жаңашыл, ізденімпаз мұғалімдердің қатарын көбейту, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие бере отырып, оларды жаңа методикалар арқылы әлемдік стандарттарға сәйкес оқытуға мүмкіндік туғызу. «Үздік педагог» байқауы нағыз ұстаздарды анықтайды. Сол үздік педагогтардың қатарынан жерлесіміздің көрінуі – аудан үшін, тіпті аймағымыз үшін үлкен абырой.