Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде 2022-2024 жылдарға арналған ғылыми жобалардың жеңімпазы атанды. Байқауға ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар ұсынылды.
Нәтижесінде, филология ғылымдарының кандидаты Бейбіткүл Кәрімованың «АР14872046 Қазақстанда жоғары білім беруді интернационаландыру: болашақ бағыттар» жобасы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлзира Оралованың «АР14870690 Сыр өңіріндегі киелі орындар мен ислам құндылықтарының әдеби-танымдық ерекшеліктері» жобасы және философия докторы (PhD) Нұрлыбек Қоңырбаевтың «АР14869851 Робототехникалық жүйелерді машиналық оқыту әдістерін зерттеу және әзірлеу» жобасы қаржылай қолдау тапты. Бүгінде 3 жылға жоспарланған жобалар жұмысын бастап кетті.
Бұдан бөлек, оқу орнында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру шеңберінде 9 жоба, жергілікті атқарушы органдардың тапсырысымен 3 жоба, Еуропалық Одақтың «Горизонт-2020» зерттеулер мен инновациялар жөніндегі бағдарламасы бойынша 1 халықаралық жоба, ҒЗИ мен кәсіпорынның тапсырысы негізінде 2 шаруашылық келісімшарт, мұнай компаниясымен келісімшарт бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстары аясында 1 жоба орындалуда.
Айта кетейік, биыл тамыз айында «Ғылым қоры» АҚ-ның гранттық қаржыландыру нәтижесінде «Құрамында мұнайы бар қалдықтарды инновациялық технология бойынша өңдеу» жобасы өндіріске енгізілді.