Kyzylorda-news.kz 25-26 сәуір күндері Астана қаласында Enactus Kazakhstan National Expo 2024 мектеп оқушылары мен студенттік кәсіпкерлік ұлттық кубогының ұлттық чемпионаты өтті.
Мектеп оқушылары кәсіпкерлігінің V республикалық чемпионатына арнайы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты бөлінді. Байқаудың жартылай финалына 16 мектеп командасы қатысты. Атап айтсақ, IB Назарбаев Зияткерлік мектебі, 15 мектеп, Астана халықаралық мектебі, Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Алматы Білім-Инновация мектебі, Астана Білім-Инновация мектебі, Астана қаласындағы №12 Назарбаев Зияткерлік мектебі, Iqanat №6, Павлодар қаласындағы №5 Назарбаев Зияткерлік мектебі, Павлодар қаласындағы №6 Назарбаев Зияткерлік мектебі, Астана халықаралық №1 мектебі, Шымкент қаласындағы №8 Назарбаев Зияткерлік мектебі, Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, Қарағанды қаласындағы №7 Назарбаев Зияткерлік мектебі, Семей қаласындағы №2 Назарбаев Зияткерлік мектебі, Астана Білім-Инновация мектебі, 210 мектеп-лицей, Ақтөбе қаласындағы №2 Назарбаев Зияткерлік мектебі, Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі.
Мектеп оқушыларынан құралған командалар қазылар алқасынының алдында инновациялық жобаларын қорғады. Нәтижесінде 3 команда жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар тапқырылығымен көзге түскен командаға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқу гранты табысталды.
Enactus – Қазақстандағы студенттер мен оқушылардың әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында белсенді білім алуына мүмкіндік беретін ауқымды бағдарлама. Бұл жай ғана практикалық алаң емес, нағыз майталмандардың мекені. Студенттер мен мектеп қатысушыларының арасындағы бәсекелестік ауқымды нәтиже алып келеді. Жыл сайын белсенді түрде Enactus Kazakhstan штаб-пәтері 10-нан аса ауқымды іс-шара ұйымдастырады. Оларға тоқтала кетсек, бизнес командалардың академиялық мерзім арасында көрсеткен нәтижелерін қорытындылау үшін Ұлттық студенттер мен мектеп оқушыларының кәсіпкерлік чемпионаты өтеді. Республикалық деңгейдегі іс-шара еліміздің төрінде, Астана қаласында ұйымдастырылады. Қазақстан бойынша 2000-нан астам қатысушының жыл бойы жасаған жобалары таразыға салынып, еліміздің чемпионы анықталып, Enactus әлемдік кубогында Қазақстан Республикасын таныстыру құрметіне ие болады. Келесі маңызды іс-шаралардың бірі – күзгі бизнес-форум. Бұл бизнес-форумда қарапайым студенттер еліміздің бетке ұстар көшбасшыларымен, бизнесмендерімен бір алаңға жиналады. Форум – жаңа идеялар, жобалар, таныстықтар ғана емес, бұл іс-шара студенттерге, жаңа командаларға, олардың бизнес жобаларын одан әрі дамытуға серпін береді. Қыс пен жаз айларында бизнес-лагерь ұйымдастырылады. Онда студенттер үшін оқу бағдарламасы жасалып, кезекті Ұлттық чемпионатқа дайындық жүргізіледі. Сондай-ақ Enactus Kazakhstan директорлар кеңесі, академиялық кеңесі, түлектер қауымдастығының мүшелері келіп, студенттердің жобаларын тыңдап, өз ойларымен бөліседі. Enactus Kazakhstan штаб пәтері жыл сайын өңірлер бойынша тренингтер, яғни Road Show өткізеді. 2023 жылы 5 қалада Road Show өтті, онда 12 облыстан 52 оқу орны қатысты.
Халықаралық Enactus ұйымы 2022-2023 оқу жылында Қызылордада «Road show Enactus Kazakhstan» республикалық форумын ұйымдастырды. Ауқымды жиынға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары, мектеп оқушылары, жас кәсіпкерлер қатысып, инновациялық жобаларымен таныстырды. Форум аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ректорының міндетін атқарушы Нұрлан Уразбаев пен Enactus Kazakhstan қорының президенті Альбина Ержанова ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта меморандум шеңберінде жастардың кәсіпкерлік әлеуетін дамытатын жобалар жүзеге асады.
Республикалық форумда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева оқу орнында бизнес бастағысы келетін жастарға мол мүмкіндік қарастырылғанын атап өтті.
Мұнан бөлек жиында Enactus Kazakhstan қорының президенті Альбина Ержанова, жоба директоры Маржан Жанғали презентациямен таныстырып, алдағы жоспарлар, оқушылар мен студенттерге арналған жаңа мүмкіндіктерді айтты. Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Тубекбаев бизнес идеяны жүзеге асыру, инвестор тарту жолдарын түсіндірді.
Айта кету керек, Enactus – кәсіпкерлік мүмкіндігін сынап көргісі келетін студенттер және іскер көшбасшылардың басын біріктіретін халықаралық коммерциялық емес ұйым. «Road show Enactus Kazakhstan» республикалық форумы Қазақстанның 5 қаласында өтеді. Форумның алғашқы легі 29 қыркүйек күні Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылып, оған жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2024 − Қазақстандағы ENACTUS халықаралық бағдарламасының қатысушыларының жоба бойынша нәтижелерінің жыл сайынғы көрмесі. Іс-шараға демеуші компаниялардың көрмесі, бос орындар жәрмеңкесі, іскерлік кездесулер, питчинг және қатысушыларға арналған арнайы байқаулар кіреді.
Басты оқиға студенттік кәсіпкерліктің ұлттық кубогының финалы болып табылады, оның нәтижелері бойынша жеңімпаз команда ENACTUS WORLD CUP 2024 әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғау құқығын алады.
ENACTUS тарихында әлемдік кубоктар Лондон, Париж, Йоханнесбург, Пекин, Вашингтон сияқты қалаларда өтті, биыл Дүниежүзілік біріншілікті өткізу құқығын біздің еліміз жеңіп алды. Бірінші рет ТМД-да, атап айтқанда, Қазақстанның елордасы Астана қаласында үздік студенттік бизнес - жобалардың Әлемдік кубогы өтеді.
Ауқымды сайыстың ұйымдастырушысы – ENACTUS Kazakhstan қоры. Ал ресми демеушілер – Olzha Agro, KMF&KMF-Демеу, TURAN табиғи суы, Eurasian Resources Group, Raimbek Group, KT Cloud Lab, White&Case, Caravan Resources, Kazakhstan Mining, TSSP, KazAgroFeed, ABS Строй, Leader Еngineering group, NES Kazakhstan. Ресми серіктестер – "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясы" АҚ, "Атамекен" ҰКП, ҚР жоғары білім және ғылым министрлігі.
Бағдарлама бойынша World Cup League: ENACTUS Ұлттық кубогы, ENACTUS World Cup 2024 әлемдік кубогына жолдама үшін басты байқау алаңы, Early Stage League: ерте кезеңдегі жобалар байқау алаңы, ENACTUS #NextGenLeaders Мектеп кәсіпкерлігінің V Республикалық чемпионаты, Колледж студенттері арасындағы ENACTUS Kazakhstan кубогы өткізілді. ENACTUS KAZAKHSTAN Ұлттық кубогында жас көшбасшылар 17 ТДМ-ға қол жеткізуге бағытталған әлеуметтік-кәсіпкерлік, экологиялық және инновациялық жобаларды көрсетеді.
Қорлан САРЫ