Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Наурызбай Байқадамов Инженерлік-технологиялық институты және Жасанды интеллект институтының оқытушыларымен кездесті. Жиында институттардың білім беру процесі мен даму перспективалары талқыланып,  оқытушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. 

Кездесу барысында Инженерлік-технологиялық институтының директоры Бақытбек Абжалелов институттың кадрлық әлеуетіне тоқталып, профессор-оқытушылар құрамының сапалық көрсеткіштері, ғылыми дәрежесі бар мамандар үлесі, жас ғалымдарды қолдау бағытындағы жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар институт құрылымы, жүзеге асырылып жатқан білім беру бағдарламалары, білім алушылар контингенті және түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі жөнінде нақты мәліметтер ұсынылды.

Ғылыми гранттық қаржыландыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Институт базасында жүзеге асып жатқан жобалар, республикалық және халықаралық гранттар аясындағы зерттеулер, өндіріс орындарымен байланыс және коммерцияландыру мүмкіндіктері сөз болды. Бұл бағыттағы көрсеткіштерді арттыру, ғылыми жарияланымдардың сапасын көтеру және халықаралық рейтингтік базалардағы мақалалар санын көбейту қажеттігі айтылды. Сондай-ақ дуальды оқыту элементтерін кеңейту, өңірлік сұранысқа бейімделген мамандар даярлау мәселелері көтерілді.
Университет Ректоры докторанттардың диссертациялық жұмыстарын уақытылы қорғау, ғылыми жетекшілік сапасын арттыру, ғылыми әлеуеттің пайыздық көрсеткішін өсіру бағытында нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар қызметтік нұсқаулықтарды қайта қарау, оқу үдерісін оңтайландыру мақсатында сабақ кестесін әзірлеуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану жөніндегі ұсыныстарға қолдау білдірді.

Институттардың алдағы даму бағыттарын айқындауға және ұжымның ортақ мақсатқа жұмылуына серпін берген кездесуде Ректор конституциялық реформа мен республикалық референдум жайлы да сөз қозғады. Профессор-оқытушылар құрамы Ата заңның жаңа жобасындағы негізгі өзгерістер талқылап, конституциялық реформаның қоғам дамуына ықпалы, құқықтық мәдениетті нығайтудағы маңызы туралы пікір алмасты.

Тағы да оқыңыз: