Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Наурызбай Байқадамов Гуманитарлық-педагогикалық институты ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында институт директоры Сағат Тайман оқу ордасының жалпы әлеуеті, кадрлық және білім беру бағыттарындағы көрсеткіштер, сондай-ақ алдағы міндеттер мен өзекті мәселелер туралы баяндама жасады.

Бүгінде Гуманитарлық-педагогикалық институтында 2246 студент білім алуда. Оның ішінде 2102 студент бакалавриат, 135 магистратура, ал 9 докторантура бағдарламасы бойынша оқиды. Сонымен қатар, институтта 125 шетелдік білім алушы бар.

Институттың профессор-оқытушылар құрамының ғылыми дәрежесі мен атақтары бар өкілдерінің орташа жасы – 55 жас. Білім беру бағдарламаларының жалпы саны – 20: оның 11-і бакалавриат, 6-ы магистратура, 3-і докторантура бойынша білім алады.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарында 32 студент білім алып жатыр. Ал Гуманитарлық-педагогикалық институтына 25 шетелдік студент келіп, білім нәрімен сусындауда.

Жиын барысында ректор оқытушылардың ұсыныстарын тыңдап, білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеу жұмыстарын жандандыру және халықаралық байланыстарды кеңейту бағытында бірқатар нақты міндеттер қойды. Сондай-ақ, оқу үдерісін жетілдіру мен студенттердің кәсіби дамуына бағытталған жаңа бастамаларды қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Наурызбай Сейтқалиұлы археологиялық зертхананы жаңғырту, тарихи көне жәдігерлерді сақтау қоймасын салу және ғылыми әлеуетті көтеру бойынша оқытушылар ұсынысы қолдау табатынын жеткізді.

Кездесу соңында ректор 1-оқу ғимаратының материалдық-техникалық базасы және кітапхана жұмысымен танысты.

Тағы да оқыңыз: