Kyzylorda-news.kz. Бүгін республиканың барлық аймағында бір мезетте педагогикалық кеңес өтті. Білім саласындағы маңызды жиын Сыр еліндегі барлық мектептерде ұйымдастырылды.
Оқу жылы басталар алдында әрбір мектеп директорлары педагогикалық кеңестер өткізуде. Білім беру ұйымының басшылары оқу жылын сәтті ұйымдастыру, штаттық режимде оқитын оқушыларға қажетті шараларды іске асыру, бағалау жүйесіне қатысты түсіндірме жүргізді.
Мектеп директорлары ЗООМ платформасы арқылы педагогтармен тікелей байланысқа шығып, қашықтан оқыту форматын жүйелі іске асырудың жолдарын талқылады.
Осы кезге дейін айтылып келгендей, 1-4 сынып оқушылары ата-аналардың өтініші негізінде жаңа оқу жылын мектепте бастайды. Мектептерде жоғары сынып оқушыларының кабинеттері бос болғандықтан, бұл кабинеттерді де бастауыш сыныптарды оқытуды ұйымдастыру үшін пайдалануға болады. Бір сыныпта білім алушылар саны 15-тен аспайды. Оқушылар мен педагогтердің температурасы күнде өлшеніп, дене қызуы нормадан жоғары болған жағдайда және ауру белгілері анықталса, педагогтер жұмысқа кіріспейді, ал оқушылар үйлеріне қайтарады.
Педкеңес барысында ұстаздардан ұсыныстар қабылданып, қашықтан оқыту, оқу жетістігін сырттай бағалау жүйелері талқыланды.
Айта кетейік, Қызылорда облысында 293 мектепте 169 143 оқушы оқиды деп күтілуде. Оның ішінде 1-сыныпқа 18 423 бала қабылданады деп жоспарлануда.