Kyzylorda-news-kz. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Наталья Жұмаділдаева, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Балайым Кесебаева Қызылорда қалалық білім бөлімінде болып, білім беру саласы бойынша мәселелерді талқылады.

Ең алдымен депутаттардың бастамасымен қаралып жатқан «ҚР білім беру саласындағы кейбір заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әдіскерлердің қатысуымен талқылау өткзілді. Талқылауға қалалық бөлім әдіскерлерімен қоса аудандық әдіскерлер Zoom қосымшасы арқылы қосылды. Депутаттар жалпы білім беру бойынша заңнаманы жетілдіру қажеттілігін атап, енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды талқыға салды. Әдіскерлер жергілікті деңгейде заңнаманың орындалу болжамын айтып, ұсыныстарын жеткізді.

Білім беру саласының және жалпы білім беру ұйымдарының басшылықтарымен Zoom қосымшасы арқылы кездесу өткізілді. Білім беру ұйымдарының карантиндік жағдайда жаңа оқу жылына дайындығы қаралды.

Облыс бойынша алдағы 2020-2021 оқу жылында 293 мектепте
168 477 оқушы оқиды деп күтілуде. Оның ішінде 1 сыныпқа 18 114 бала қабылданады деп жоспарлануда.

Жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға барлығы жергілікті бюджеттен 1,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, оның 33 пайызы немесе 396 млн. тг. жаңартылған білім беру мазмұнына көшетін 11 сыныптың оқулықтарын сатып алуға жұмсалуда. Қалған 804 млн. тг. басқа сыныптардың қажетті оқулық қорларын толықтыру үшін бағытталған.

Депутаттар мемлекеттік сатып алу процессінің оқулықтарды сатып алуға әсерін сұрап, сыбайластық қаупін азайта отырып, сатып алуды жеңілдету жолдарын талқылады.

Онлайн білім беру форматының ерекшелігі – интернет желісі сапасына тәуелді. Сол себепті елдегі интернет мәселесі сұралды.

Облыста 293 мектеп интернетке қосылған. Интернеттің жылдамдығы: 76 (26%) мектеп 8 мбит/с жоғары, 189 (65%) мектеп 4-8 мбит/с, 28 (9%) мектепте жылдамдық 4 мбит/с төмен.

Кейібір шет орналасан елді мекендер интернет желісіне қосылмаған. Бұл мәселе айналып келіп, қала мен ауыл оқушылары арасындағы білімге қол жетімділігін алшақтатады, біліктілігіне әсер етеді.

Н. Жұмаділдаева мен Б. Кесебаева ауылдағы интернет мәселесін көтеріп, тез арада шешуге жұмыс жасайтындығын жеткізді.

Одан бөлек, карантин талаптарын сақтау бойынша әрбір мектепке бөлінетін қаржы мен кезекші сыныпты енгізудегі талаптар талқыға салынып, жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізілді.

Н. Жұмаділдаева «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында болып, филиал төрайымының орынбасары Л. Төрешовамен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көп көтерілетін мәселелер аталып, оны жергілікті немесе орталық деңгейде шешу мүмкіндіктерін ортаға салды. Жүйелік мәселелер орталық атқарушы органдарға жеткізіліп, шешім қабылданатын болады.

Тағы да оқыңыз: