Kyzylorda-news.kz. Мектепке дейінгі білім беруде балаларды тәрбиелеу мен оқытудың жаңартылған тәсілдеріне, баланы тәрбиелеу процесіне отбасын белсенді тартуға негізделген жаңа модельді іске асыру бойынша Қызылорда облысында жұмыс жалғасып жатыр. Осы ретте, мектепке дейінгі ұйымдар басшыларынан, тәрбиешілердің біліктілігін арттыруды, жаңа бағдарламалар енгізуді және балабақшалар жұмысының сапасын бағалауды талап етеді.
«Алдағы уақытта лицензиялау талаптарының кезең-кезеңімен енгізілетінін ескере отырып, ашылатын орындар мен балабақшалардың талапқа сай келуін қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар, бүгінгі күні облыста 61 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды, онда 53959 бала қамтылған. Қосымша білім берудің аясын кеңейту мақсатында өңірдегі 295 мектеп жанынан 2170 спорттық секция және 1942 шығармашылық үйірме ұйымдастырылған. Жаңа оқу жылында мектептерде білім алушыларды домбыра, шахмат үйірмелеріне көптеп тарту, олардың мәдени және интеллектуалдық дамуына жоғары әсер етеді. Биыл осы бағыттағы үйірмелерді дамытуға басымдық беріледі», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет.
Айта кетейік, облыстағы 677 мектепке дейінгі ұйымда 59902 бала тәрбиеленуде. 3 жастан 6 жасқа дейін балалар 100 %, 2-6 жас аралығында – 90 % мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған. Бүгінде жеке балабақшалар үлесі 73 пайызды құрап отыр.