Kyzylorda-news.kz.  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Халықаралық педагогикалық білім беру академиясының корреспондент мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, академиялық профессор Пажарбек Сапарходжаевтың 70 жасқа толуына арналған салтанатты Ғылыми Кеңес өтті.

Ғылыми кеңесте университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Бейбіткүл Кәрімова профессордың білім саласына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Жиынға облыстық мәслихат депутаты, университеттің құрметті ректоры, техника ғылымдарының докторы Қылышбай Бисенов, Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Ибадулла Құттықожаев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Тілдерді оқытудың мазмұны мен әдістері зертханасының бас ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Әкімжан Әбдықалықұлы Сайлыбаев, зиялы қауым өкілдері және университеттің Ғылыми Кеңес мүшелері қатысты.

Пажарбек Ыбырайұлы университетте 1993-1996 жылдары «Жалпы физика және физиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды. 1996-1997 жылдары «Физика-математика» факультеті деканының орынбасары, 1997-1999 жылдары «Физика» кафедрасының меңгерушісі, 1999-2008 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы Қазақ-түрік лицейінің директоры, 2008-2012 жылдары «Жалпы физика» кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етті. 2012 жылдың 1 кыркүйегінен бастап «Физика және математика» кафедрасының академиялық профессоры қызметін атқаруда.

Профессордың 90-нан аса ғылыми-әдістемелік еңбегі отандық және шет елдік беделді басылымдарында жарық көрді. «Электродинамика», «Физика мұғалімінің кәсіптік дайындығын көтерудегі әдістемелік есептер жүйесінің рөлі» және т.б. көмекші оқу құралдарының авторы.

Ғалымның еңбектері ескеріліп, 1997 жылы «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, 2002 жылы ҚР білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен, 2013 жылы Университеттің 75 жылдық мерекелік медалімен, 2014 жылы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 2017 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қорқыт Ата атындағы «Алтын медалімен», 2018 жылы «Қызылорда қаласына 200 жыл» мерекелік медалімен, Қызылорда облысы басшылығының құрмет грамотасымен, Қызылорда қаласының әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.

315834181_627827965753406_7381878628527307177_n.jpg