Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде профессор, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Әнешұлының 60 жас мерейтойына арналған университет Ғылыми кеңесінің салтанатты мәжілісі өтті.

Жиында география ғылымдарының кандидаты, доцент, университеттің бас редакторы Қали Омаров мерейтой иесінің білім саласында салған сара жолы мен  университеттің дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті. 

«Ғабит Әнешұлы – нағыз ұлтжанды ғалым. Бұл оған берілген кәсіби мінездеме ғана емес, ең алдымен ақиқатты ашуға ұмтылуы мен ақыл-парасатының шынайы тазалығынан тұратын ішкі сипаты. 
Қай еңбегін алсаң да бейіндік  ғылыми әдістемелерді мейлінше көп пайдаланғаны, мәселеге жекелей де, тұтастай да талдау жүргізгені, типология, тарихи хронология мен деректерге деген  ыжадағаттылығы және шығармашылық ұстаханасының идеялық мазмұны, көркемдік-эстетикалық талғамы, тілі мен стилі  мен-мұндалап тұрады. 
Қоғамның да табыстылығының кілті ғылымда екені ақиқат. Бұл тұрғыда Ғабит Әнешұлының ғылымға берері әлі де көп деп ойлаймын»,- деді Қали Әбдіұлы.

Ғылыми кеңесте Басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Майнұр Бөрібаева ғалымға ҚР ЖОО Қауымдастығының «А.Байтұрсынов атындағы Алтын медалін» табыстады. 

Сонымен қатар, Ғабит Әнешұлы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұдан бөлек, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нұртөре Жүсіптің, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасының құттықтауы, облыстық мәдениет және спорт басқармасы мен облыстық білім басқармасы басшысының, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі директорының құттықтау хаттары табысталып, құрмет көрсетілді. 

Ғабит Тұяқбаев  - 2003 жылы профессор Б.Кәрібозұлының жетекшілігімен «Қаңлы Жүсіп Қадырбергенұлының әдеби мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. 2009 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді ұйымдастыру бөлімінің басшысы, университет ректорының кеңесшісі қызметтерін атқарған. 

Профессор - 100-ден астам ғылыми-публицистикалық мақаланың, 3 монография, 1 оқу құралы мен 1 кітаптың және 2 сөздіктің авторы. Ғалымның құрастыруымен 8 кітап жарыққа шыққан. 

Ғабит Әнешұлы «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының төрағасы, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Айта кетейік, салтанатты жиынға облыс әкімдігінің қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, ғалымдар, университеттің профессор-оқытушылары, ғалымның туыстары мен достары, шәкірттері және білім алушылар қатысты.
 

342608413_626429138983122_4532266254435975819_n.jpg

 

342539219_1156994128308424_6192946084024720329_n.jpg

 

Тағы да оқыңыз: