Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозұлы білім алушылармен кездесіп, тағылымы мол дәріс оқыды.
Дәріс барысында ғалым өз саласындағы терең ғылыми тұжырымдары мен тәжірибелік бағыттарын ортаға салып, студенттерге кәсіби дамуға бағытталған құнды кеңестер берді. Сондай-ақ, жастардың қызығушылығын арттырып, ғылыми ізденіске ынталандыратын мазмұнды ойларымен бөлісті.
Кездесу еркін форматта өтті. Студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ғылыми тақырыптар төңірегінде пікір алмасты. Бұл тағылымды жүздесу жас мамандар үшін мотивация болды.
Профессор Бағдат Кәрібозұлы өзінің жеке кітапханасындағы 200-ге жуық құнды еңбектерін университет кітапханасының қорына сыйға тартты. Бұл кітаптар оқу үдерісін жетілдіріп, зерттеу жұмыстарын дамытуға елеулі үлес қосатыны анық.
Университет ұжымы профессор Бағдат Кәрібозұлына білім мен ғылымды дамыту жолындағы еңбегі және жастар тәрбиесіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тілейді.
